Даркнет: жеке деректерімізді қалай сақтаймыз?

Жарияланды 25 Ақпан 2025 14:46

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Даркнет: жеке деректерімізді қалай сақтаймыз?
Даркнет: жеке деректерімізді қалай сақтаймыз? / Фото: kirsiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазіргі дижитал әлемде жеке деректердің құпиялығы мен қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Ал енді біреудің жеке басы жайлы мәліметтер «самсап» тұратын даркнет туралы естіп пе едіңіз? Бұл ретте анонимдік пен ой еркіндігі де, заңсыздық та қатар айтылады. Оған не себеп? Darknet қалай жұмыс істейді? Жеке деректер ол жерде қайдан жүреді? Өзіңіз жайлы ақпарат даркнетте жүрмес үшін не істеу керек — бүгінгі материалымызда сол туралы айтамыз.

Даркнет деген не?

Даркнет (Darknet) — интернеттегі Google немесе Yandex сияқты іздеу жүйелерінде индекстелмейтін, арнайы бағдарламаларсыз кіре алмайтын орта. Ашу үшін Tor сияқты браузерлер қолданылады. Бұл жасырын желіде қолданушылардың анонимдігі сақталады. Әр юзер оны әр түрлі мақсатта пайдалануы мүмкін. Біреулер — заңды, енді бірі заңсыз әрекеттерді іске асырады. Ол қалай жұмыс істейді? Мұнда бәрі орталықсыздандырылған байланыстар принципіне сүйенеді. Осылайша қолданушылардың деректерін қорғау үшін шифрлайтын технологиялар қолданылады. Негізгі сипаттамалары мынадай:

  • Анонимдік. Даркнетте кіру үшін арнайы браузер керек. Мысалы Tor, I2P, Freenet дегендей. Олар трафикті шифрлап, оны бірнеше торапқа бағыттайды. Осылайша дереккөзді аңду қиындайтүседі.   
  • Ерекше домендер арқылы кіредіӘдеттегі сайттарға қарағанда (айталық, .com немесе .kz) даркнетте домендер көбіне  .onion (Tor) болмаса .i2p (I2P) деп аяқталады.
  • ШифрДеректер бірнеше қабаттан тұратын шифрдан өтеді. Сол арқылы құпиялық мықтырақболады.   

Даркнетті кім пайдаланады?

Даркнетті неше түрлі адам қолданады. Мысалы: 

  • Журналистер мен белсенділер. Олар көбіне цензураны айналып өту үшін және ақпарат көздерін қорғау мақсатында қолданады. 
  • Зерттеушілер мен бағдарламалаушылар. Олар киберқауіпсіздік пен құпиялық сақтайтын технологияларды зерттеу үшін қолданады.
  • Қылмыстық топтар. Олар заңсыз тауарлар сатып, зиянкес бағдарлама жасақтамасын таратып, ұрланған деректерді саудалайды. 
  • Қатардағы қолданушылар. Құпиялық сақталатын жер болғасын немесе әдетте интернетте бұғатталатын ресурстарды ашу үшін қолданады. 

Біздің деректер бұл жерде қайдан жүреді?

Қолданушылардың жеке деректері даркнетке неше түрлі жолмен салынуы мүмкін. Мысалы:

  • Деректер базасын әлдекімдер бұзып алуы мүмкін. Хакерлер компанияларға шабуыл жасап, ол жерден қолданушылардың деректерін ұрлайды. Мәселен логин, құпиясөз, банк реквизиттері көбіне қолды болып жатады. Сөйтіп сол ұрланғандарын даркнетте саудаға салады. 
  • Фишиң. Алаяқтар алдап-сулап қолданушылардың аккаунтарына фейк сайттар мен хаттар арқылы кіріп алады. 
  • Инсайдерлер жариялап жіберуі мүмкін. Айталық, қолданушылар базасы бар компанияларда істейтін қызметкерлер клиенттерінің деректерін ақшаға сатуы мүмкін. 
  • Бағдарлама жасақтамасының осал тұсын тауып, қаскөйлер ақпарат ұрлайды. 

Арнайы қызмет өкілдері даркнетте адамдарды қалай тауып алады?

Даркнетте анонимдік өте жоғары дедік. Бірақ арнайы қызмет өкілдері ондағы заңсыз қызметпен тоқтаусыз күрес жүргізеді. Ол үшін монитордың ар жағында кім екенін табу үшін неше түрлі әдіс қолданады. 

  • Жасырын операциялар жүргізеді. Құқық қорғау органдары өтірік сайттар мен форумдар ашады. Сөйтіп сол жерде қылмыскерлер туралы ақпарат жинайды.
  • Желі трафигіне анализ жасайды. Арнайы қызмет өкілдері Tor желісінің шығыс тораптарын бақылай алады. Осылайша қолданушылардың белсенділігіне анализ жасауға мүмкіндік болады. 
  •  Қолданушылардың шын IP-мекенжайын анықтау үшін кейде эксплойттар қолданылады. 
  • Кей жағдайда қолданушылар өздері қате жіберіп, кім екенін көрсетіп қояды. Мысалы даркнетте де, әдеттегі интернетте де бірдей лақап атпен тіркелуі мүмкін. 
  • Инсайдерлермен жұмыс істеп анықтап алатындар болады. Арнайы қызметте істейтіндер қолданушылар туралы ақпарат алу үшін инсайдерлерді қолдануы мүмкін.  

Деректеріміз даркнетке түсіп кетпес үшін не істеуіміз керек?

Жеке деректеріміз даркнетте «жүзіп» жүрмеуі үшін бірнеше басты ережелерді үнемі назарда ұстауымыз қажет: 

  1. Құпиясөз өте сенімді болуы керек. Барынша қиын, күрделі комбинацияларды қолданыңыз. Бір құпиясөзді айналдырып келіп барлық жерге қоя бермеңіз. 
  2. Қосфакторлы аутентификация қосып қойыңыз (2FA). Сонда аккаунтыңызды бұзып кіру қиындайды. 
  3. Фишиң сайттар мен хаттарға абай болыңыз. Жеке деректеріңізді күдікті ресурстарға жазып қалдырмаңыз. 
  4. Деректеріңіз ұрланбады ма деп тексеріп тұрыңыз. Ол үшін Have I Been Pwned сияқты сервистерді қолдануға болады. 
  5. Жеке деректеріңізді шифрлаңыз. Егер құрылғыда маңызды ақпаратты сақтайтын болсаңыз, онда міндетті түрде шифрлап қойыңыз.
  6. Бағдарлама жасақтамасын жаңартып жүріңіз. Операциялық жүйенің жаңарғанын, антивирус бар-жоғын тексеріп отыру керек. Сонда аяқ-асты әлдене бола қалса, деректеріңіз қорғалады. 

Естеріңізде болса, бұған дейін киберқауіпсіздік саласында 2025 жылы қандай трендтер болатыны туралы жазған едік. Кибершабуыл жыл өткен сайын көбейіп жатқанын ескерсек, әркім өз деректеріне мұқият болғаны абзал. Сонымен бірге жеке мәліметтерді жария қылғандардың жауапкершілік арқалайтынын да есте ұстау қажет.

Сондай-ақ оқыңыз