Киев АҚШ-пен келісімнің жобасын дайындады

Киев АҚШ-пен қол қою үшін «Украинаны қалпына келтіру инвестициялық қорының ережелері мен шарттарын белгілеу туралы келісімді» дайындады. Бұл туралы 26 ақпан, сәрсенбі күні Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль мәлімдеді.
Оның сөзінше, Украина үкіметі 26 ақпанда құжатты зерттеп, оны Украина мен АҚШ президенттері арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері туралы келіссөздер кезінде қол қою үшін ұсынбақ
Киевтің басты талабы өзгермеген
Денис Шмыгаль Украина президенті де, Украина үкіметі де бұл келісімді қауіпсіздік кепілдіктерінен бөлек қарастырмайтынын атап өткенін жеткізді.
«Құжаттың 10-бабында АҚШ үкіметі Украинаға ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қажетті қауіпсіздік кепілдіктерін алуға қолдау көрсететіні жазылған» дейді ол.
Оның айтуынша, кепілдіктер Украина президенті Владимир Зеленскийдің «жеңіс жоспарына» сәйкес келіп, алдағы уақытта Киевтің НАТО-ға кіруі, майдандағы қолдау және Ресейге қарсы тежеу шаралары пакетін қамтиды.
Зеленский құжат жобасын «келісімнің бастапқы нүктесі» ретінде сипаттап, оның табысты жүзеге асырылуы АҚШ президенті Дональд Трамппен өтетін келіссөздерге байланысты екенін айтқан.
Дональд Трамп өзіне дейінгі президент «Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға берген көмекті Киев пайдалы қазбаларының есебінен қайтаруы керек, сонда ғана АҚШ-тың қолдауына иек арта алады» дегенді айтып жүр. Зеленский мұндай біржақты келісімге келіспейтінін, АҚШ елдің қауіпсіздігіне кепіл болататын талаптарды орындауға тиіс екенін айтады. Financial Times десе де Зеленский қазба байлықтарды игеруге қатысты келісімге келуге жақын деп жазды. Алайда қауіпсіздікке кепілдік алу әлі басы ашық мәселе.