Энергетика министрлігі екі жылда 52 компаниямен келісімшартты үзген

Энергетика министрлігі 2022-2024 жылдары 52 жер қойнауын пайдалушы компаниямен келісімшартты үзген. Бұл туралы министрліктің алқа отырысын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Сонымен қатар жалпы құны 14 млрд теңгеге заң бұзылғаны анықталған. Соның 11,3 млрд теңгесі өндірілген.
Қазіргі кезде жер қойнауын пайдалану саласында түрлі компаниялармен 345 келісімшарт жасалған. Былтыр 14 кен учаскесі сатылған. Бұл кен орындарына құйылатын инвестиция көлемі 72,5 млн долларды құрауы тиіс.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша:
«2025 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін 62%-ға дейін ұлғайту, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы 10 жаңа өндірісті оқшаулау, кемінде екі электрондық аукцион өткізу және “Жер қойнауы туралы» кодекске түзетулер енгізу жоспарланып отыр».
Бұған дейін министрлік Қазақстанда жалпы қоры 76 млрд тоннаны құрайтын болжамды отын ресурсы бар 15 кен орны анықталғанын хабарлаған.