Қазақстан Ресеймен сауда көлемін азайта ма – министр жауабы

Кейінгі кезде геосаяси жағдайдың шиеленісуі мен Ресейге салынған сакцияларға ілігіп кетпес үшін Қазақстан көрші елмен сауда-саттықты азайта ма? Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев солтүстіктегі көршімен сауда-саттық бұрынғы деңгейінде қалады деп отыр.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанға келетін импорт әртараптандырылған. Екі ел Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретіндіктен, мемлекеттер арасында бизнес жасау жеңіл.
«Бір одаққа кіретіндіктен, сауда көлемін азайту еш жоспарымызда жоқ. Біздің жоспарымыз біреу – экспортты арттыру. Сауда балансының мәні оң қалыптасуы керек, яғни сататын тауарымыз сатып алатын тауарымыздан көп болуы қажет», – деді министр.
Бұл ретте Шаққалиев ел ішінде өндіру тиімсіз болатын тауарларды шетелдан тасымалдаған тиімді екенін айтады. Яғни кейінгі жылдары Қазақстан нарығын басып қалған Ресей тауарларының көлемі азаймайды. Министр Қазақстанда еркін нарық қалыптасқандықтан, ешқандай шектеу жоқ екенін айтады. Жеткізушілер қай елден тауар тасымалдау тиімді болса, сол жақтан алып келеді.
Бұған дейін Шаққалиев Ресейге станок тасымалдаймыз деп санкцияға ілікккен қос коспания туралы пікір білдірген еді. Олар қазір сыртқы саудамен айналыспайды, қызмет бағытын да өзгерткен.