Ресейден импортталады: Қазақстанда 2024 жылы электр энергиясын тұтыну артқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей электр
Қазақстан Ресей электр энергиясына тәуелді / Фото: shutterstock

Қазақстанда 2024 жылы электр энергиясын тұтыну 4,3%-ға өсіп, 120 млрд кВт/сағ-қа жетті. Бұл көрсеткіш – соңғы жылдардағы ең жоғары өсім. Электр энергиясын өндіру көлемі де 4,5%-ға артып, 117,9 млрд кВт/сағ-ты құрады. Алайда өндірілген энергия көлемі елдің ішкі сұранысын толықтай жаба алмады, нәтижесінде электр энергиясының тапшылығы орын алды.

Энергия тапшылығы және Ресейден импорт

Қазақстанның энергия жүйесіндегі бұл тапшылықты жою үшін KEGOC Ресейден электр энергиясын импорттауға мәжбүр болды. KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, тұтыну көлемі артқанына қарамастан, елдің энергия жүйесі тұрақты жұмыс істеп, қажетті көлемдегі электрмен қамтамасыз етілген.

2025 жылдың қазан айынан бастап 2026 жылдың наурызына дейін Қазақстан электр энергиясының тапшылығын жабу үшін Ресейден импортты жалғастырмақ. Болжам бойынша, аталған кезеңде елдің ең жоғары электр жүктемесі 17,6 гигаватты құрайды, ал өндірілетін электр энергиясының көлемі 16,8 гигаватт деңгейінде болады. Яғни, 0,8 гигаватт тапшылықты Ресейден импорттау арқылы өтеу жоспарланып отыр.

KEGOC мәліметінше, 2025–2031 жылдарға арналған болжамды баланс электр қуатының 4,8 ГВт-қа дейінгі айтарлықтай тапшылығын көрсетеді. Алайда, 2024 жылы ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспар жүзеге асырылған жағдайда, 2035 жылға қарай Қазақстан 9,1 ГВт көлемінде электр қуатының профицитіне қол жеткізуі тиіс.

KEGOC басшысы Айтжановтың айтуынша, алдағы күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің баланстық қуаты өндіріс пен жалпы қуат бойынша тапшылыққа ұшырауы мүмкін.

«Болжам бойынша, ең жоғары электр жүктемесі 17,6 ГВт, ал генерация 16,8 ГВт деңгейінде болады. 0,8 ГВт тапшы энергияны соның ішінде Ресейден импорттау арқылы жабылады», – деді Айтжанов.

2024 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтынудың күрт артуы елдің энергетикалық инфрақұрылымына айтарлықтай жүктеме түсірді. Бұл тапшылықты уақытша импорт арқылы шешу мүмкін болғанымен, ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін жаңа өндіріс қуаттарын іске қосу қажеттігі туындап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз