
Танымал әнші әрі соңғы уақытта кино өндірісіне бет бұрған Серік Ибрагимов 2024 жылдың қаңтарында келіншегі мен өзіне жаңа көлік алғанын мәлімдеген болатын. Өнер иесі Instagram желісінде жаңа автокөлігінің бағасы шамамен 100 млн теңге екенін айтқан. Оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырған бұл көліктің маркасы – BMW X7. Алайда автосалондағы және қайталама нарықтағы бағалар сәл өзгеше болып шықты.
Қазақстандағы бағасы
Қазақстанда BMW X7 автокөлігін сататын ресми диллер – «Бавария» авторталығы болып есептеледі. 2025 жылдың ақпанын айында салонда 2024 жылы шығарылған үлгілер сатылып жатыр. Жаңа автокөліктің ресми құны – 60 054 847 теңгеден басталып, 73 008 278 теңгеге дейінгі соманы құрайды. Баға таңдаған конфигурация мен қосымша опцияларға байланысты сәл ауытқуы мүмкін.
Тізгінделген X7 бағасы
Қазақстандағы қайталама нарықта BMW X7 бағасы шығарылған жылына, жүріп өткен қашықтығына және жалпы жағдайына байланысты. Мысалы, 2020 жылғы 70 000 шақырымға дейін тізгінделген модельдер шамамен 44 300 000 теңге тұрады, ал 2021 жылғы көліктердің бағасы 49 500 000 теңге шамасында. 2024 жылғы аз ғана уақыт тізгінделген темір тұлпар бағасы 56 960 000 теңге мен 80 000 000 теңге аралығында.
Аталған авто сәнді дизайны, қуатты қозғалтқышы және жоғары жайлылығымен ерекшеленеді. Сондықтан бұл көлік Қазақстандағы премиум SUV санатындағы ең танымал модельдердің бірі болып қала береді.
Кино және табыс
2024 жылы қазан айында Серік Ибрагимов алғашқы толықметражды «Заманback» фильмін прокатқа шығарған. Комедияда басты рөлдерді танымал актер Рамазан Амантай, Бақтыгүл Серікбаева, Жасұлан Әйтен және тағы басқалары сомдады. Фильмнің сюжеті баласы мен әкесінің қарым-қатынасы, 90-шы жылдардағы ностальгия сынды тақырыптарды қамтиды. Қарашада кинотуынды миллиард теңгеден аса кассалық табыс тапқаны белгілі болды.
Сол тұста әнші, актер Әлихан Байсұлтановтың сұрақтарына жауап берген Серік Ибрагимов алғашқы көлігі 2014 жылғы Toyota Camry 55 болғанын атап өтті.
«Ал қандай көлік тізгіндеуді қалайсыз» деген сұраққа «Mercedes-Benz G-Класс, Lexus LX 600 және соңғы шыққан BMW X7» деп жауап берді. Осылайша Серік Ибрагимовтың арманы көп ұзамай орындалғанын аңғаруға болады.
Авто туралы
BMW X7 — бұл 2019 жылы BMW компаниясы ұсынған сәнді толық өлшемді кроссовер. Бұл модель неміс автоконцернінің флагманы болып саналады және жайлылық пен заманауи технологияларды әдемі үйлестіреді.
BMW X7 моделі Солтүстік Америка мен Қытай нарығындағы үлкен сәнді жол талғамайтын көліктерге деген сұраныстың артуына жауап ретінде жасалды. Концепт-кар алғаш рет 2017 жылы Франкфурт автосалонында таныстырылып, 2019 жылы сериялық нұсқасы шығарылды. Автомобиль G07 индексін алды және BMW-ның басқа модельдері — X5 және 7 Series сияқты CLAR модульдік платформасында жасалды.
Техникалық сипаттамалары
BMW X7 бірнеше модификацияда қолжетімді, олардың ішінде ең танымалы — xDrive40i нұсқасы. Негізгі сипаттамалары:
- Қозғалтқышы: 3,0 литрлік алты цилиндрлі қатарлы бензин қозғалтқышы TwinPower Turbo технологиясы
- Қуаты: 381 ат күші
- Айналу моменті: 520 Н·м
- Жылдамдығы 0-100 км/сағ дейін 5,8 секундта арттырады
- Орташа жанармай шығыны: 9,7 л/100 км
- CO₂ шығарындылары: 221 г/км
Автомобиль интеллектуалды xDrive толық жетек жүйесімен, бейімделгіш пневматикалық аспамен және жүргізушіге көмек көрсететін заманауи жүйелермен жабдықталған. Салоны кең, үш қатарлы орындықтары бар, сапалы материалдар қолданылған, ал мультимедиялық жүйесі озық технологиялармен толықтырылған.