Жаңалықтар

Бидай экспорты неге төмендеп кетті

Бидай экспорты төмендеп кетті / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан – әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушы елдердің бірі. Ел жыл сайын орта есеппен 6-9 млн тонна бидай мен ұн экспорттайды. Қазақстан бидайы жоғары сапасымен ерекшеленеді, әсіресе, қатты бидай сұранысқа ие.

Негізгі экспорттық бағыттар – Орталық Азия елдері (Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Ауғанстан), Қытай, Иран, Таяу Шығыс және Кавказ (Әзербайжан, Түркия, Ирак), сондай-ақ Еуропа мен Ресей арқылы транзиттік тасымалдар жүзеге асады.

Экспорттың негізгі ерекшеліктеріне логистика, ауа райының әсері және баға белгілеу жатады. Қазақстандық бидай көбінесе теміржол арқылы жеткізіледі, сондай-ақ Каспий порты арқылы теңіз тасымалы маңызды рөл атқарады.

Қазақстан бидай өндірісінен әлемде 14-орында

Қазақстан әлемдік бидай өндірісінің 1,5%-ын құрайды. 2024 жыл USDA Foreign Agricultural Service ақпаратына назар аударсақ, бидай өндірісінен Қазақстан әлемде 14 орында жайғасқан. Дегенмен, ел ірі экспорттаушылардың бірі, өйткені ішкі тұтынудан артылған өнім негізінен шетелге сатылады. Қазақстандық бидай жоғары сапасымен ерекшеленеді, әсіресе қатты және жоғары ақуызды сорттары халықаралық нарықта сұранысқа ие.

Қазақ бидайын сатып алушы мемлекеттер

Қазақ бидайын қай мемлекеттер сатып алады?

2024 жылы ресми мәліметке назар аударсақ, еліміз былтыр шет елдерге 5,8 млн тонна бидайды 1,1 млрд долларға экспорттаған. Қазақстан бидай экспортының 52,9%-ын (587,3 млн доллар) Өзбекстанға жіберген. Екінші басты импорттаушы Тәжікстан 1,1 млн тонна (253,7 млн доллар), 579 мың тонна (113,9 млн доллар) үштікке Қытай елі кірді.

Ауғанстанға 2023 жылы 110 млн доллардың бидайын сатылса, 2024 жылы 42,4 млн долларға дейін түскен. Еуропадағы басты сатып алушысы Италиямен де сондай жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, 2023 жылы 172,5 млн доллардың бидайы сатылса, 2024 жылы 67%-ға қысқарып 59,6 млн доллардың бидайы экспортталған.

Инфографика 03: соңғы 5 жылдағы Қазақ бидай экспорты

Бидай экспорты: соңғы 5 жылдағы ең төменгі нәтиже

Ауыл шаруашылығының басты экспорты – бидай және бидай өнімдері. Кейінгі жылда Қазақстан шет елдерге 7,4 млрд доллардың бидайын экспорттады. 2020 жылы (1,15 млрд доллар), 2021 жылы (1,42 млрд доллар), 2023 жылы (1,84 млрд доллар) және 2024 жылы (1,10 млрд доллар) бидай экспортталған.

Экспортты әртараптандыру

Ең маңыздысы – Қазақстан астық экспортын одан әрі арттыра алады. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, елдің астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға бағаланған. Оның ішінде 7-7,5 млн тоннасы – бидай, 1,4 млн тоннасы – арпа, 300 мың тоннасы – жүгері. Майлы дақылдар бойынша экспорттық әлеует 1 млн тоннадан асады.

Вице-министр сондай-ақ жаһандық сұраныстың артуы және бірқатар елдерде өнім көлемінің төмендеуі жағдайында Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық Одақ елдерінің нарығы қызықты екенін атап өтті.

Армения нарығына – 600 мың тонна, Италияға 1 млн тонна жөнелту бойынша алдын ала келісім жасалған. Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Әлемдік нарықты не күтіп тұр?

2024 жылдың күзінде әлемдік нарықтарда бидай бойынша белгілі бір жандану байқалды. Себебі Ресей мен Украинадағы қуаңшылыққа байланысты күздік бидайға төнген қауіптер туралы айтыла бастады. Алайда кейіннен жауын-шашын түсіп, жағдай біршама тұрақтанды. 2025 жылдың басы басқа да ірі астық өндіруші елдерде қолайлы ауа райы қалыптасып, бұл өз кезегінде бидай бағасының төмендеуіне әсер етті. АҚШ биржасында бидай бағасы тоннасына 200 доллардан төмендеді.

Осы жағдайды қорытындылай келе, 2025 жылы Қазақстанда бидай егу фермерлер үшін үлкен тәуекел болуы мүмкін, өйткені рентабельділік төмендеуі ықтимал. Нарықтағы үлкен өтпелі қалдық бидай бағасын төмен деңгейде ұстап тұруы мүмкін. Тек ірі экспорттаушы елдерде ауа райына байланысты форс-мажорлық жағдайлар орын алмаса, баға айтарлықтай өспеуі ықтимал.

Әлемдегі астық бағасы: ФАО индексі

Астық бағасы арзандап барады

Қаңтар айында ФАО-ның астық бағалары индексінің орташа мәні 111,7 пункті құрап, желтоқсандағы көрсеткіштен 0,3 пунктке (0,3 пайызға) жоғары болды, бірақ былтыр сәйкес кезеңіндегі мәннен 8,2 пунктке (6,9 пайызға) төмендеді. Қаңтарда нарықтың әлсіз белсенділігі жағдайында бидайдың экспорттық бағалары шамалы ғана төмендеді.

Астық бағасының арзандауына импорттық сұраныстың әлсіз болуы әсер етті. Бұл өз кезегінде негізгі экспорттаушылардың экспорттық сатылымдарының баяулауына алып келді. Алайда Ресей Федерациясындағы ұсыныстың қысқаруы, сондай-ақ Еуропалық Одақ, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттарының әртүрлі аймақтарындағы күздік дақылдардың әркелкі жағдайы бұл үрдісті тежеді.

Қаңтарда жүгері бағасы өсіп, соңғы екі жыл ішінде алғаш рет өткен жылдың деңгейінен асып түсті. Бұл өсімге маусымдық ұсыныстың төмендеуі, Аргентинадағы егіс жұмыстары аяқталғаннан кейінгі қолайсыз жағдайлар, Бразилияда екінші өнім («сафринья») жүгерісін егу науқанының баяу жүруі, сондай-ақ АҚШ-тағы жүгері өндірісі мен қоры бойынша болжамдардың төмендетілуі ықпал етті.

Басқа астыққа келетін болсақ, дүниежүзілік нарықта сорго мен арпа бағасы өсті, алайда арпа бағасының өсуі айтарлықтай болмады. Қаңтарда барлық күріш түрлеріне арналған ФАО бағалар индексі 4,7 пайызға төмендеді, бұл экспорттық ұсыныстың жоғары болуы және экспорттаушылар арасындағы бәсекелестіктің артуымен байланысты.

Қазақстан бидай экспортын немесе ішкі тұтынуды арттыра ала ма?

Сарапшылар пікірінше бидайдың сыртқы нарықтарға жөнелтілуі теміржол инфрақұрылымының шектеулеріне байланысты. Қазақстан ай сайын 900 мың тоннаға жуық астық тасымалдай алады, бұл тек бидаймен шектелмей, арпа, зығыр, күнбағыс және басқа да дақылдарды қамтиды.

Тасымал дәліздерін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр, бірақ олар әлі толық аяқталған жоқ. Ішкі нарықта бидай негізінен диірмен кешендерінде өңделеді. Қазіргі кезде Қазақстанда жылына 3 млн тонна бидай ұнға өңделеді, дегенмен саланың бұл көрсеткішті үш есеге арттыруға мүмкіндігі бар. Бірақ басты мәселе – өткізу нарығының шектеулі болуы. Ұн экспорты ұлғайса, бидай экспорты тиісінше азаюы мүмкін. Бұл ел экономикасы үшін тиімді болғанымен, ішкі нарықта артық бидай қорының жиналуын тоқтатпайды.

Қазақстан үшін перспективалы шешім – бидайды терең өңдеу. Крахмал, аминқышқылдары және басқа да жоғары қосылған құнды өнімдерге сұраныс әлемдік нарықта жоғары. Мұндай жобалар жоспарланған, тіпті 3 млн тоннаға дейінгі өндірістік қуаты бар зауыттар туралы айтылып жүр. Алайда олардың нақты қашан іске қосылатыны белгісіз.