Депутаттар фонограммаға тыйым салуды ұсынған. Мәдениет министрлігі келіспей отыр

Мәжіліс депутаттары фонограммамен ән айтуға тыйым салмақшы. Осыған орай заңға арнайы норма енгізу ұсынылған. Алайда олардың бұл бастамасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау таппаған. Депутат Мақсат Толықбай Мәжілісте министрлік өкілінен бұл норманың неге қабылданбай жатқанын сұрады.
Депутаттың пікірінше, халық қаржысын жұмсап, арнайы концертке келген соң, жанды дауыста ән тыңдап, құлақ құрышын қандыруы керек. Алайда көп жағдайда әншілер әнді фонограммамен орындап, көрерменнің жанды дауыста ән тыңдау құқын ескермейді. Сондай-ақ орындаушылар фонограммамен айтқанда көрерменді алдын-ала хабардар ету туралы заң талаптарын да орындамайды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, фонограмманы қолданған кезде концерт ұйымдастырушы көрерменді алдын-ала хабардар етуі керек. Алайда қазіргі күні бұл талапты орындап жатқан ешкім жоқ. Сол үшін заң жобасында біз фонограммаға тыйым салуды көздейтін нормалар енгізуді ұсындық. Бірақ Мәдениет министрлігі бұл түзетулерді қолдамады. Олардың алға тартқан сылтауы көп. Техникалық құралдар тозғанын, дыбыс режиссерлері жетіспейтінін айтады. Біз жеңілдік жасап, техникалық жабдықтармен толық қамтылған залдарда фонограммамен айтуға тыйым салу тетігін ұсындық. Оны да қабылдамады», – деді Толықбай.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Жексенәліұлы бұл мәселеде бір жақты шешім шағаруға асықпауды, екі тараптың да ұсынысын тыңдауды ұсынды. Сондай-ақ фонограммамен ән айтқанда көрерменді алдын-ала ескерту туралы депутат уәжінің орынды екенін айтты.
«Осыған дейін бірнеше жұмыс тобында бұл мәселе қызу талқыланды. Біз мүдделі адамдардың басын біріктіріп ашық талқылау жүргізу туралы шешімге келдік. Талқылауға шоу-бизнес өкілдері, мәдениет мекемелерінің басшылары, режиссерлер және осы саланың басқа да мамандары толық қатысып, осы мәселені талқыға саламыз. Мәжілістегі екінші оқылымға дейін бір шешімге келеміз деген сенімдемін», – деді вице-министр.