Авторларға Instagram-нан гонорар алуға жасанды интеллект көмектеседі

Әділет министрлігі шығармашылық иелерінің авторлық құқын жасанды интеллект көмегімен қорғамақшы. Жасанды интеллект авторларға Instagram-нан гонорар алуға көмектеседі. Бұл туралы Үкімет сағатында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.
Авторлар құқын қорғау мәселесі 2024 жылдың күзінде болған оқиғадан кейін туындаған. Ол кезде қазақстандық авторлар мен орындаушылардың музыкалық туындылары Meta платформасынан алынып тасталған болатын. Танымал әндердің авторлары мен орындаушылары Meta компаниясынан шығармалары үшін сыйақы алмағанын айтып, шағым түсірген.
«Бұл оқиға ұжымдық басқару саласындағы кемшіліктерді айқын көрсетті. Осыған орай, бұл саланы цифрландыру қажет деген шешімге келдік. Авторлар мен өзге де құқық иеленушілерге барлық кезеңдерді онлайн форматта қадағалауын мүмкіндігін беру жоспарлануда. Жалпы жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесі пысықталуда», – деді министр
Бұл цифрлық жүйе келісімшарт жасау, сыйақы жинау, бөлу және төлеу кезеңдерін онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар талдау және есептілік жүйесі енгізіліп, мемлекеттік тізілімге енгізілген объектілер бойынша тіркелген зияткерлік меншік объектілерін іздеу жүйелері жетілдіріледі. Бұған қоса, мобильді қосымша да әзірленеді. Бұл қосымша мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бастаманы қолдап, саладан артық адамдарды қысқартуды тапсырды.
«Сіз атап өткен жаңа тәсілдерді толық қолдаймын. Цифрландыру арқылы артық шығындарды, артық құрылымдарды, артық адамдарды қысқарту керек. Нәтижесінде жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігі артады. Бұл барлық мемлекеттік органға тиесілі», – деді премьер-министр.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың күзінде «Қазақстан авторлар қоғамы» мен Meta компаниясы арасындағы келісім мерзімінің аяқталуына байланысты қазақша әндер Instagram-нан жоғалып кеткен болатын. Ал авторлар бұл платформадан өздеріне тиесілі гонорарды алмағанын айтқан.