
Стати ісіне бюджеттен 1 тиын да жұмсалмаған. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.
«Осыған дейін Bloomberg басылымы Статилерге Қазақстан тарапы қомақты қаржы төлейтінін, бұл ақша олигарх Тимур Құлыбаевтың есебінен жабылатыны туралы хабарлады. Бұл ақпарат рас па?» – деп сұрады журналист.
Министр бұл істің құпия шарттар негізінде жабылғанын, сол себепті екінші тараптың келісімінсіз сот ісіне қатысты ақпаратты ашып айта алмайтынын жеткізді.
«Өткен жылы бұл мәселе толық жабылды. Екі тарап келісімге келді. Бұл келісім шарттары құпия. Сол себепті екінші тараптың келісімінсіз мен сізге ашып ештеңе айта алмаймын. Бұл сот ісіне бюджеттің бір тиыны да жұмсалған жоқ», – деді министр.
Сәрсембаев бұл іске бюджеттен қаражат болашақта да жұмсалмайтынын нақтылады. Десе де, шетелде Қазақстан мүддесін қорғау үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлінетінін жасырмады. Айтуынша, 2024 жылы халықаралық санаттағы сот істеріне бюджеттен 7 млрд теңге қаражат жұмсалған.
Дау қалай шешілді?
Айта кетейік 14 жылға созылған Анатол және Габриэль Статилермен Қазақстан арасындаға дауға 2024 жылдың желтоқсан айында нүкте қойылды. Әділет министрлігі ағайынды кәсіпкерлермен арадағы даудың толық реттелгенін хабарлады. Екі тарап бұл мәселені «Түпкілікті реттеу туралы келісімі» арқылы реттеген.
Шетелдік басылымдар бұл істе Назарбаевтың күйеубаласы Құлыбаевтың да есімі аталатынын, Қазақстан билігінің олигархпен келісімге келгені туралы жазды. Оның үкіметке 1 млрд доллар көлемінде қаражат қайтаруы мүмкін екенін де айтылды.
Мұның алдында осы іске байланысты бұғатта жатқан 22 млрд доллар активтің Ұлттық қорға қайтарылғаны, Статилердің Ұлттық банкке қатысты талаптарынан бас тартқаны туралы ақпарат тарады.
Халықаралық даудың неден туындағаны және Қазқастан тарапының сотқа қанша қаражат жұмсағаны туралы KursivMedia таратып жазған болатын. Толық ақпаратпен мына сілтеме арқылы танысуға болады.