
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен бітімге келмейінше, Украинға әскери көмек тоқтатылғанын мәлімдеді.
Fox News журналисіне берген сұхбатында Трамп Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрі беру бейбітшілік келісімге қол жеткізгенше, тоқтатылғанын айтқан.
«Киевте әлі де әскери операцияларды жалғастыру үшін резерв бар. Дәл қазір АҚШ ештеңе бермейді. Бізге бейбітшілік туралы келісім керек. Әйтпесе, бәрі жалғасады», – деген Америка президенті.
Дональд Трамп бейбіт келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда әскери көмек қайта жалғасуы мүмкін екенін де меңзеген.
«Көреміз. Біз қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сирек кездесетін металдарға қатысты Украинамен келіссөздер әлі талқыланып жатыр», – деп мәлімдеген АҚШ президенті.
Өз сөзінде Трамп Путиннің де бұл жағдайды реттеуге ниетті екенін жеткізген. Сондай-ақ ЕуроОдақ елдеріне ескерту жасап, Украинаға әскери көмек көрсеткені үшін жауапкершілік арқалайтынын атап өткен.
Саяси жағдай қалай өзгерді?
АҚШ билігіне келген Трамп елдің Украинаға қатысты позициясын мүлде өзгертіп жіберді. Америка басшысы Зеленскийдің президенттігіне, беріліп жатқан қаражаттың жұмсалуына қатысты көп сын айта бастады. Владимир Зеленскийдің президенттің мерзімі өтіп кеткенін айтып, сайлау өткізу қажет екенін мәлімдеді. Панама мен Гренландияға қатысты шулы мәлімдемелерінен кейін Украинаның қазба байлықтарына қатысты ниетін де ашық айта бастады. Соғыста көмек ұсынғаны үшін Украинаның сирек металдарын игеруге ниет білдірді. Алғашқыда Трамптың бұл ниетін суық қабылдаған Украина президенті Владимир Зеленский мемлекетін сатпайтынын мәлімдеді.
Бірақ артынша, Зеденский шешімін өзгертіп, құжатқа қол қоюға келіскен секілді. Financial Times басылымының мәліметінше, екі ел басшылары тиісті келісімге алдағы жұма, 28 ақпан күні қол қоюы мүмкін.
Құжатқа сәйкес, Украинаның минералды ресурстарына, мұнай мен газына АҚШ ортақтасады. Сондай-ақ АҚШ Украина елінің қауіпсіздігіне кепілдік береді.