Министр «Марс» жемеуге шақырды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарды Марс жемеуге шақырды. Министр оның орнына отандық өнімдерді тұтынуға кеңес берді.
Мәжіліс дәлізінде министр кейбір кондитер өнімдерінің шикізатын жеткізуде кілтипан бар екенін мойындады. Алайда «баға күрт өспейді» деп сендіріп отыр.
Қандай кілтипан бар?
«Екі апта бұрын Қостанай облысына іс-сапармен бардым. «Большевичканы» өздеріңіз білесіздер. Бұл – біздің кондитерлік фабрикамыз. Олар да шикізат жеткізуде кілтипан бар екенін айтып отыр. Сонымен қатар баға мен сапаға қатысты да мәселе бар. Мұның кондитерлік өнімдердің бағасына қалай әсер ететінін нақтыладым», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, екі апта бұрынғы мәлімет бойынша, қор жеткілікті болды.
Баға қалай өзгереді?
Министрдің сөзіне қарағанда, кондитерлер маусымдар арасында қымбаттаушылықтың болмайтынын жеткізген. Өйткені нарықта бәсекелестік жоғары.
«Әрине, бағаға түзету енгізілуі мүмкін. Бірақ баға күрт өсіп кетпейтін болады. Бізде отандық та, шетелдік те шоколадтар бар. Нарықтағы ұсыныс өте үлкен. Бір сегментте баға өсетін болса, тұтынушы ретінде қосыламыз. «Марс» жемеңдер, біздің отандық өнімдерді жеңдер. «Баян сұлу» мен «Мишка на севере» шоколодын алыңыздар», – деді Шаққалиев.
Mars неге қымбаттайды?
Министр «Марс» туралы бекер сөз қозғаған жоқ. Айта кететін жайт, Ресейде Snickers, Twix, Alpen Gold, Picnic және Oreo қымбаттап жатыр. Бұл туралы Известия хабарлады.
Snickers, Twix, M&M’s шығаратын Mars және Alpen Gold, Milka, Picnic, Oreo шығаратын Mondelez компаниялары бағаны көтергенін хабарлады. Баға ақырын көтерілмек. Бұған какао-боб және май бағасының биржаларда құны өсуі түрткі болып отыр.
Қаңтарда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 5,8%-ға дейін өсті.
Министр шоколад бағасына қатысты пікір білдірді.