Банк пен қаржы

Kaspi 2024 жыл үшін дивиденд төлемеуі мүмкін

Kaspi.kz неге дивиденд төлемейді / Фото: shutterstock

Kaspi директорлар кеңесі акционерлеріне 2024 жыл үшін дивиденд төлемеуге кеңес берді. Бұл туралы қор биржасындағы жарияланған құжатта жазылған.

Хабарланғандай, акционерлер кеңесі 28 наурызда өтуі керек. Сол жерде компанияның қаржылай есебі, аудит жүргізуге қатысты мәселелер талқыланады. Оның ішінде дивиденд төлеу де қаралады.

«2024 жылы бұрын төленген тоқсандық дивидендтерді ескере отырып, «Kaspi.kz» АҚ-ның жылдық жалпы акционерлер жиналысына 2024 жылға «Kaspi.kz» АҚ-ның қарапайым акциялары бойынша дивиденд төлемеуді ұсынады», – деп жазылған хабарламада.

Негізі 2024 жылы Kaspi бір акциясы үшін 850 теңгеден үш тоқсанға дивиденд төледі. Тек 2024 жылдың соңғы тоқсаны үшін дивиденд берілген жоқ. Былтыр компанияның таза пайдасы 1,1 трлн теңге болса, дивиденд төлеуге 508 млрд теңге жұмсалған.

Бұған дейін компания CEO-сы Михаил Ломтадзе болашақта дивиденд төлеу тоқтатылуы мүмкін екенін айтқан еді.

«Әдеттегідей, бізде артық капитал болса, оны акционерлерге қайтарамыз.Алайда инвесторлар ұзақ мерзімді перспективада халықаралық кеңеюді ірі және тұрақты құндылық қалыптастырудың ең тиімді жолы деп санайтынымызды есте сақтауы керек. Қолайлы мүмкіндік туындаған сәтте, біз капиталымызды тиімді пайдаланудан тартынбаймыз», – деген еді Михаил Ломтадзе былтыр сәуірде.

Ломтадзе айтқан халықаралық экспансияның бір мысалы – Kaspi-дің түркиялық Hepsiburada маркетплейсін сатып алуы. Осы жылы қаңтарда қазақстандық финтех Hepsiburada-ның 65,41% акциясын 1,127 млрд долларға сатып алды.

Kaspi.kz құрамында «Kaspi Дүкен» ЖШС, «Kaspi Bank», «Kaspi Pay» және «Kaspi Travel» тәрізді компаниялар бар. Акцияларының 23,51%-ы Baring Funds қорына, 21,53%-ы кәсіпкер Михаил Ломтадзеге, 20,39%-ы Вячеслав Кимге тиесілі.