Банк пен қаржы

«Самұрық-Қазына» капиталын толтыру үшін нарықтан 50 млрд теңге алмақ

«Самұрық-Қазына» қоры нарықтан қаржы тартады / Фото: shutterstock

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры AIX биржасында листингтен өтті. Бұл туралы биржа сайтындағы құжатта жарияланған.

Қор шығарған құнды қағаздар көлемі 50 млрд теңгені құрайды, жылдық мөлшерлемесі 15,25%-ға тең. Облигациялар алты айлық мерзімге орнатылған. Саудаға шығару уақыты 27 ақпанға белгіленген.

Нарықтан алатын қаржы капиталды толтыруға, инвестиция және екінші деңгейлі банктердің борышын қайта қаржыландыруға жұмсалады.

«Самұрық-Қазына» қорының жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Қазір қорға мұнай-газ, әуе тасымалы, энергетика және өнеркәсіп саласындағы 26 компания қарайды. Осы жылдың басында Тоқаев «Самұрық-Қазынаны» реформалау деген пікір айтқан.

«Бұл маңызды міндет. Жұмыс жақсы жүріп жатыр деп айту қиын. Қордың қызметін ақпан айында арнайы талқылайтын боламыз», – деген еді ол.

Листинг – биржаға құнды қағаздарды жіберу процедурасы. Листинг кезінде биржа компания құжаттамаларын, бағалы қағаздарын жіті тексереді.