Атом электр станциясын кім салатыны жазда анықталады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
АЭС Франция
АЭС құрылысын кім салатыны жазда анықталады / коллаж: kursiv.media

Қазақстанда Атом электр станциясын нақты кім салатыны биыл жазда анықталады. Үкімет түпкілікті шешімді 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылдайды.

Атом стратегиясы қабылданады

Энергетика министрі Алмас Сәтқалиев бүгін, 26 ақпанда министрліктің кеңейтілген алқа отырысында осылай деп мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, АЭС құрылысына қатысты үкіметаралық келісім мен тиісті құжаттар биыл қарашада қабылданады.

«Халықаралық тәжірибеде жоспарлау үш жылға дейін созылады. Содан кейін алғашқы бетоны құйылып, құрылыс басталады. Осыны ескерсек, құрылыс екі жылдың көлемінде басталуы мүмкін.

Ал негізгі нысан құрылысы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, басқа да құжаттары дайындалып, мемлекеттік органдардың тиісті рұқсатынан кейін басталады», – дейді министр Сәтқалиев.

Бұған қоса, министр 2050 жылға дейін атом саласын дамыту стратегиясын дайындау жоспарда барын мәлімдеді. Сәтқалиевтің айтуынша, құжат атом саласының басқа да бағыттарын, ядролық кластерді дамытуға көмектеседі.

Кім және қайда

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай және Франция компаниялары салғысы келеді.

Бір күн бұрын алғашқы АЭС-тің қайда салынатыны белгілі болды. Үкімет оны Алматы облысының Жамбыл ауданында салуды көздейді.

Қазақстанда бір емес бірнеше атом электр станциясын тұрғызу жоспарланған. Бірі Алматы облысында салынса, екіншісі – Абай облысында, бұрынғы Семей полигоны маңында бой көтеруі мүмкін.

Нақтырақ айтқанда, Курчатов қаласы АЭС салуға қолайлы орын ретінде қарастырылуда. Ал үшінші АЭС салынатын орын ретінде Ақтау қаласы қарастырылып жатқанын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтқан.

Қазақстанға үш бірдей АЭС не үшін керек? Осы сауалдың жауабын Kursiv.Media-ға сарапшылар айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз