Жаңалықтар

Консорциум акционерлері дрондар шабуылдаған мұнай станциясын жөндеуге көмектеседі

Каспий құбыр консорциумы 2025 жылы үш жылжымалы айлақтық құрылғысынан мұнайды бір уақытта тиеуге дайындалуда
КҚК акционерлері мұнай айдау станциясын жөндейді / фото: t.me/caspian_pipeline

Каспий құбыр желілері консорциумының (КҚК) акционерлері биыл 17 ақпанда дрондар шабуылына ұшыраған мұнай айдау станциясын жөндеуге көмектеседі.

Консорциум акционерлері осы аптада Біріккен Араб Әмірліктері астанасына жиналды деп хабарлады КҚК баспасөз қызметі.

Мұнай құбырын кім жөндейді?

Абу-Даби қаласында өткен екі күндік жиналыста акционерлер «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына жасалған шабуылды талқылады.

«КҚК-ның Ресей Үкіметі мен «Транснефть» акционерлерінің өкілдері террористік шабуылға байланысты қатты алаңдағанын білдіріп, консорциум нысандарына осындай соққы жасауға жол беруге болмайтынын мәлімдеді», – деп хабарлайды КҚК.

Жиналыста консорциумның бас директоры Николай Горбань баяндама жасап, станцияны жөндеу жұмыстарының барысы туралы есеп берді. Ал консорциум акционерлері болса шамамен екі айға созылатын жөндеу жұмыстарына көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.

2024 жылдың қорытындылары

Әмірліктердегі басқосуда 2024 жылдың қорытындылары мен алдағы жоспарлар да сөз болды.

  • 2024 жылы КҚК Теңіз терминалынан 63 млн тонна мұнай тиелді;
  • Былтыр мұнай тасымалдау жүйесі бойынша 2,3 млрд доллар табыс түсті;
  • 2024 жылы 1,3 млрд доллар дивиденд төленді;
  • Биыл 23 ақпандағы жағдай бойынша, консорциумның Теңіз терминалында мұнайдың CPC Blend сортына жататын 9,8 млн тонна шикізат 89 танкерге тиелді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 17 ақпанда Каспий құбыр желісі консорцумының Ресей аумағындағы бір мұнай айдау станциясына әскери дрондар шабуылдады. Артынша консорциум шабуыл салдарынан қазақ мұнайын батысқа айдау бәсеңдегенін мәлімдесе, ал «Транснефть» қазақ шикізатын консорциум құбырымен тасымалдау 30%-ға қысқаруы мүмкін екенін ескертті.

Путин акционерлер жөндесін деген

Бұл уақытта қазақстандық сарапшы биліктен «бір ғана құбырға тәуелділіктен» арылу жолдарын ұсынды.

Сол кезде Ресей президенті Владимир Путин дрондар шабуылы артында Еуропа тұр дегенге меңзеп, мұнай айдау станциясын акционерлердің өздері жөндесін деп мәлімдеген.

Каспий құбыр желілері консорциумы акцияларының 24%-ы Ресейге тиесілі. 19%-ын Қазақстан атынан «ҚазМұнайГаз» компаниясы иеленеді. Бұған қоса акционерлер арасында шетелдік Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%), Eni International N.A. N.V. S.ar.l.(италиялық), BG Overseas Holdings Limited (британиялық) компаниялары бар.