TrustMe – әйгілі Тим Дрейперден 1 млн доллар инвестиция алған отандық үздік стартап

TrustMe IT-өнімі Кремний алқабында Hero Training бағдарламасы нұсқасы бойынша ең инновациялық стартаптардың үздік ондығына кірді. Отандық нтім әйгілі венчурлық инвестор Тим Дрейпердің 1 млн доллар көлеміндегі инвестициясына ие болды.
Бұл туралы жоба жетекшісі Шыңғыс Дәулетбаев Үкімет отырысында хабарлады. Оның айтуынша, TrustMe отандық финтех-стартапы халықаралық нарықтардағы жұмыс ауқымын жылдам кеңейтіп келеді.
Стартап туралы
IT-өнім бірнеше секунд ішінде SMS, мессенджер және биометриялық тексеру арқылы маңызды келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Қол қойылған құжаттар шифрланып, блокчейнде сақталады. Оны қолдан жасау мүмкін емес.
Отандық стартап цифрлық ортада сенімді нығайтуға, мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға арналған.
Отандық өнім жетістіктері
Қазақстанда 2 мыңнан аса, ал Өзбекстанда 200 компания және шетелде де пайдаланушылар TrustMe платформасын таңдады.
Үш жылдың ішінде 1 миллионнан аса келісімшартқа қол қойылса, пайдаланушылар саны 850 мың адамнан асты. Жүйе қағазбастылықты азайтады және сот ісін жүргізуді жеңілдетеді.
Болашаққа жоспары
Компания Ресей, Түркия, АҚШ және Парсы шығанағы елдерінің нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұған қоса компания құны 1 млрд доллар болатын алғашқы қазақстандық алпауыт атануға, Қазақстандағы IT-стартаптарға көбірек инвестиция тартуға ұмтылады.
Бұған дейін қазақстандық CodiPlay стартапы «Series A» қаржыландыру раунды шеңберінде 9 млн доллар инвестиция тартқан.
Оның алдында отандық Investbanq стартабы танымал Meet the Drapers реалити-шоуының жетінші маусымына қатысып, 1 млн долларға таласқан.