Мұхтар Жәкішев үкіметтің жаңа салық саясатын қатты сынады

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев үкіметтің қосылған құн салығын көтеру саясатын сынады.
«Дүрбелең басталады»
Топ-менеджердің пікірінше, ҚҚС-ны көтеру елде инфляцияны күшейтіп, қара экономиканы одан сайын кеңейтеді.
«Талай мәрте бастан өткен. 90-жылдары да салық көтерілген, бірақ ешқашан нәтиже берген емес.
Тауарлар мен қызмет көрсету бағасы 8 емес, бірден 20 пайызға көтеріледі. Соның салдарынан инфляция артады. Сөйтіп үкімет қосылған құн салығын көтеруден түседі деп жоспарлаған табысты ешқашан ала алмайды. Есесіне дүрбелең басталады«, – деп есептейді Жәкішев.
Оның пікірінше, билікке салықты көтерудің орнына, пайда әкелетін басқа да шараларды қолға алған жөн. Мәселен, кеден түсімін бақылау, ірі компанияларға корпоратив салығын енгізу, мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту керек, дейді Жәкішев.
Салықты көтеруден басқа амал жоқ
Естеріңізге сала кетейік, 20 ақпанда үкімет қосылған құн салығын 16 пайызға көтеруді көздейтін заң жобасын парламентке ұсынған. Депутаттар құжатты қабылдаса, ҚҚС көтеріліп қана қоймай, ол бойынша міндетті тіркеу шегі де төмендейді. Сол кезде қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер салықтың осы түрін төлеуге мәжбүр болады.
Кеше ғана премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік бюджетті толтыру үшін қосылған құн салығын көтеруден басқа жол жоқ деп мәлімдеген.
Ал «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев Temu, Amazon, AliExpress тәрізді шетелдік маркетплесйтер қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуі керек деп есептейді.