
Қазіргі заманауи гаджеттер денсаулығыңызға қараса алады. Смарт-сағаттар, фитнес-трекелер мен медициналық құрылғылардың арқасында қандағы оттегі деңгейін біліп, жүрек соғысын санап, күйзелісте жүрген-жүрмегеніңізді бағамдап отыруға болады. Кейбірі тіпті ЭКГ жасай алады. Бүгінгі материалымызда денсаулыққа мониториң жасауға көмектесетін гаджеттерге шолу жасаймыз.
1. Apple Watch Series 9
Дизайны туралы
Apple Watch Series 9 минимализм стиліндегі, дизайны әдемі, сенсор экраны бар сағат. Бұған дейінгі эпл-уатчтардан гөрі мықтырақ дамытылған. Сағаттың неше түрлі бауы бар, көлемі де әр түрлі.
Денсаулыққа пайдалы функциялары
- ЭКГ (электрокардиограмма) – жүрек қағысын өлшеп, фибрилляция белгілері байқалса, бірден ескертеді.
- Қандағы оттегіні өлшейді (SpO2) – спортпен айналысатындарға және тыныс алуға қатысты проблемасы бар адамдарға пайдалы функция.
- Ұйқыны қадағалайды — ұйқы фазаларына анализ жасап, қалай жақсартуға болатынына нұсқау береді.
- Температура өлшейді — дене қызуы өзгерсе, бірден белгілеп отырады.
- Тыныс жаттығуларын жасау керегін еске салып отырады. Соның арқасында күйзеліс азайып, концентрация жақсарады.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Жақсы тұстары:
- Сенсорлары өте сезімтал
- iPhone-мен керемет үйлеседі
- Интерфейсі ыңғайлы, Apple Health деген қолданбада барлық дерек тұрады
Нашар тұстары:
- Қуаты жылдам отырып қалады (18 сағатқа дейін)
- iOS қолданушылары ғана ұстай алады
Түйін
Apple Watch Series 9 – денсаулыққа мониториң жасауға арналған үздік гаджеттердің бірі. Әсіресе, iPhone ұстайтындарға керек болады. Физикалық белсенділігіңізді, жүрек соғысын назарда ұстайды.
2. Oura Ring Gen 3
Дизайны туралы
Oura Ring – шап-шағын, сақина түріндегі құрылғы. Саусаққа таққанда тіпті білінбейді. Бір қарағанда әшекей ретінде таққандай көрінуі мүмкін. Бірақ ішінде қуатты датчиктер бар.
Денсаулыққа пайдалы функциялары
- Ұйқы мен ағзаны қалыпқа келтіру үшін үнемі бақылауда ұстайды. Ұйқы фазаларына анализ жасап, нұсқау беріп отырады.
- Жай отырған кезде жүрек қағысының санын есептейді. Сол арқылы күйзеліс деңгейін анықтауға көмектеседі.
- Дене қызуына анализ жасайды. Жалпы жағдайыңызды бақылауға таптырмайтын функция.
- Белсенділік деңгейіне мониториң жасайды. Жүктеме мен демалыс арасындағы балансты бағалайды.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Жақсы тұстары:
- Ұзақ уақыт бойы жұмыс істейді (бір қуаттаған соң 7 күндей істей береді)
- Салмағы жеңіл
- Ұйқыға дәл анализ жасайды
Нашар тұстары:
- Смарт-сағаттармен салыстырғанда ішіндегі функциясы санаулы
- Экран жоқ, сондықтан деректерді смартфоннан ғана қарап отыру керек
Түйін
Oura Ring – денсаулығына қарайтындарға керек гаджет. Әсіресе, күйзеліс деңгейі мен ұйқысын қадағалағысы келетіндерге жақсы болады.
3. Withings ScanWatch 2
Дизайны туралы
ScanWatch 2 дизайны жағынан классик механикалық сағатқа ұқсайды. Бірақ ішінде заманауи технологиялар бар. Сондықтан өте стайлиш аксессуар десек болады. Әдетте смарт-сағаттар көбіне спорт не кәжуал стильге үйлесетінін ескерсек, бұл сағатты кәстөм-шалбармен тағуға да болады.
Денсаулыққа пайдалы функциялары
- ЭКГ – жүрек жұмысын қадағалап отырады. Әлдебір ауытқыған белгі білінсе, бірден ескертеді.
- Қандағы оттегіні өлшейді. Тыныс жолында проблемасы бар адамдарға керек.
- Ұйықтап жатқандағы тынысыңызды тексереді. Жалпы ұйқыңызды қадағалайды. Сол арқылы апноэны алдын-ала анықтайды.
- Физикалық белсенділігіңізді бақылайды. Қадам санағыш бар, жаттығуларға анализ жасайды.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Жағымды тұстары:
- Қуаты ұзаққа жетеді (бір айдай)
- Медициналық көрсеткіштері өте дәл
- Дизайны әдемі
Нашар тұстары:
- Фитнес-қолданбалармен интеграциясы шектеулі. Бәрімен бірдей сәйкесе бермейді
- Бағасы қымбат
Түйін
Withings ScanWatch 2 классикалық стиль мен заманауи бағытты қатар алып жүргісі келетіндерге әдемі үйлеседі.
4. Fitbit Sense 2
Дизайны туралы
Fitbit Sense 2 – салмағы жеп-жеңіл, өзі өте ыңғайлы, AMOLED-дисплейі бар ақылды сағат. Интерфейсі түсінікті, қуаты 6 күнге жетеді.
Денсаулыққа пайдалы фукнциялары
- ЭКГ мен жүрек ритміне мониториң жасайды
- Күйзеліс деңгейіне анализ жасайды (EDA-сенсор)
- Ұйқы мен қандағы оттегіні қадағалайды. Демалыс керек кезде ескертіп отырады
- Температура өлшейтін сенсоры бар
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Жағымды тұстары:
- Стресс деңгейіне анализді жақсы жасайды
- Қуаты ұзаққа жетеді
- Деректері өте дәл
Нашар тұстары:
- Сырт қолданбаларға арналған мүмкіндігі шектеулі
- Apple Health-бен байланыспайды
Түйін
Fitbit Sense 2 – күйзеліс деңгейін, ұйқы сапасын тексеріп отырғысы келетіндерге таптырмайтын гаджет.
5. BioButton
Дизайны туралы
BioButton – көлемі шағын, теріге бекітіп қоятын құрылғы. Қуаты бірнеше күнге жетеді.
Денсаулыққа пайдалы функциялары
- Дене қызуын үнемі тексеріп отырады. Инфекция жұққан болса, ертерек ескертеді
- Жүрек қағысы мен тыныс ритмін тексереді.
- Денсаулығыңыз нашарлап жатса, деректерге анализ жасап, бірден хабар береді.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Жағымды тұстары:
- Медициналық деректері өте дәл
- Автоном жұмыс істейді
- Клиникалық зерттеулерде қолданылады
Нашар тұстары:
- Экраны жоқ
- Сабскрайп жасағандар ғана қолдана алады
Түйін
BioButton – денсаулығына кәсіби түрде мониториң жасағысы келетіндерге арналған құрылғы.
Еске сала кетсек, бұған дейін смартфондағы пайдалы функциялардың бірі — «Ата-ана бақылауы» туралы жазған едік. Балаңыздың көретін контентін бақылап, уақытын смартфон мен компьютерге үңіліп өткізбеуін қадағалау үшін қандай бағдарламаларды орнату керегін осы жерден біле аласыздар.