Руслан Берденовтің депутаттық өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

Тағы бір депутат Мәжілістен кетті. «Respublica» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Руслан Берденовтің депутаттық өкілеттілігі тоқтатылды.
Палата отырысында депутаттың өкілеттігін тоқтату жөніндегі қаулы қабылданды. Өкілеттігін тоқтату туралы шешім дауыс беру арқылы қабылданды – 92 депутаттың 90-ы «қарсы емеспін» деп дауыс берді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Берденовке алғыс хат табыстады.
«ҚР Парламенті Мәжілісіндегі қызметім бүгін өз мәресіне жетті. Сіздермен бірге, шын мәнінде, елдің игілігі үшін қаншама үлкен сұрақтарды көтеріп, күресіп, соңына жетіп, көпшілік мәселелерді талқыладық. Елдің тарихындағы ең белсенді депутаттар шақырылымы болды. Шын мәнінде, екі жыл ішінде айтқан сөздерімді орындауға тырыстым. Әйтеке би айтқандай «Өмірім халқымдікі, өлімім ғана өзімдікі». Біз де өмірімізді қазіргі таңда өңірге арнаймыз»,- деді Берденов.
ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов Руслан Берденовтің Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанын мәлім етті.
Осыған дейін KURSIV.MEDIA Шымкент әкімінің орынбасары Берденовтің дәріханалар желісі мен мейрамхана бизнесін қалай бастағаны жөнінде жазған болатын. Шенеунік қазақстандықтарға кәсіпкер ретінде де көбірек таныс. Берденовтің ең ірі дәріханалар желісі мен мейрамхана бизнестерінде мол тәжірибесі бар.