Toyota Camry 50-дің гибрид нұсқасын аларда неге мән беру керек

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Танымал Toyota Camry 50-дің гибрид нұсқасын аларда неге мән беру керек
Танымал Toyota Camry 50-дің гибрид нұсқасын аларда неге мән беру керек/Фото: drive2.ru

Соңғы кездері Грузия арқылы Америкадан, Корея арқылы Жапониядан Toyota Camry-дің гибрид түрін тасушылар, тапсырыс берушілер жиілеген. Өйткені бензин қымбаттап жатыр. Неге Camry десек, жапондық седан жайлылығымен, сенімділігімен танымал. Алайда хабарландыру сайттарында ең жиі кездесетін 50 буындағы Camry-дің шыққанына 10 жылдан асып кетті. Десе де бұл факті аталған модельге деген қызығушылықты азайтпай тұр. Осы орайда Kursiv.media жүргізушілердің тәжірибесі мен пікірлеріне сүйеніп, жүрген гибрид Camry 50-дің артықшылығы мен кемшілігін тізіп шығады.

Модель жайлы аз-кем әңгіме

2011-2017 жылдары аралығында шыққан Toyota Camry 50 Hybrid модельдерінде Toyota Hybrid Synergy Drive (HSD) технологиясы қолданылған. Қарапайым тілмен айтқанда батареялармен жабдықталған. Жоғары вольтты никель-металл-гидридті (NiMH) аккумуляторлары энергияны қайта зарядтайтын рекуперативті жүйемен жабдықталған. Яғни сырттан қуаттау қажет емес. Батареялар көліктің артқы орындығының астында орналасқан. Өндіруші аккумуляторларды 10 жыл немесе 300 мың шақырымға дейін ауыстырмауға болатынын айтады. Электронды басқарылатын вариаторлық беріліс қорабы қозғалтқыш пен электр моторының жұмысын оңтайландырады.  

Гибридтің артықшылығы

Гибридтің бензинмен жүретін Camry-ден басты артықшылығы жанармайды үнемдейтінінде.

Гибридтік қуат қондырғысы (Hybrid Powertrain) 2.5 литрлік 4 цилиндрлі бензин қозғалтқышпен (2AR-FXE) Аткинсон циклі бойынша жұптасады. Бұл отын үнемділігін арттырады. Гибридтік Camry қалада 100 шақырымға 5-7 литр бензин тұтынады. Ал бензин 50-лер 100-ге 11-14 литрге дейін «жеп қояды».  Бұл, әрине, жүріс мәнеріне тікелей байланысты. Газ педалін қаттырақ басса, жүйе батареядан бензинге ауыстырып, жанармай шығыны артады.

Одан бөлек электрқозғалтқыш төмен жылдамдықта мүлдем дыбыссыз істейді. Қосымша дыбыс изоляциясы да жақсы.

Кемшіліктері

Гибрид Camry иелері түрлі форумдар мен сайттарда автоның кемшіліктері аз екенін, күтіп мінген көлік ұзақ жылдар сенімді қызмет ететінін жазады. Арасында кемшіліктері туралы пікірлер де кездеседі.

Мәселен, гибридтік жүйе күрделі болғандықтан, оны жөндеу қарапайым Camry-ге қарағанда қымбатырақ болатынын айтады.

Екінші кемшілік ретінде, жүргізушілер батареяларды ауыстырудың қымбаттығын тілге тиек еткен. Егер бірнеше батарея бірден отырып, істен шықса, онда жүздеген мың теңге төлеуге дайын болу керек.

Гибридті батарея артқы орындықтардың астында орналасқан, жүксалғыш көлемі стандартты Camry-ден сәл тарлау.

Гибридтік Camry 50 аларда неге мән берген дұрыс

50 шанақтағы гибридтік Camry Қазақстанда ресми сатылған емес. Жолда жүргендер не Грузиядан, не Кореядан жеткізілген. Грузиядан әкелінген Camry-лердің басым көпшілігі ұрылып, кейін қайта жасалған. Сондықтан шанақ бөлігін арнайы құралмен немесе автоэксперттердің көмегімен тексеріп алған дұрыс.

Кейінгі мән беретін тұс ол көліктің қанша жүргені. Алып-сатарлар клиентті қызықтыру үшін көліктің километражын айналдырып, аз жүрген ретінде сатады. Батареялардың тозу деңгейі тікелей көліктің жүрісіне байланысты болғандықтан, автоның VIN код номері арқылы машина келген елдің сайттарынан оның тарихын, шынайы жүрісін тексеріп алған жөн. Көп жүріп, батареялары тозған Camry-дің аккумуляторын ауыстыруға кеткен шығын өзін тек 4-5 жылда ақтауы мүмкін.

Бұған дейін, автосалондар ұсынып отырған 4 пайыздық несие бағдарламаларын сараптап, тиімті ұсыныстар туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз