
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 82 мыңнан астам қазақстандық салық есептілігінде 1 трлн теңгеден астам кірісін көрсетпеген.
Кірістер комитеті 2023 жылғы деректерді талдау барысында 82,2 мың салық төлеушінің төлем карталары (POS-терминалдар) мен мобильді төлемдер (QR-төлемдер) арқылы түскен қаражатты өз салық есебінде көрсетпегені анықтаған. Жалпы сома 1 трлн теңгеден асады.
Салық органдары оларға ескету жіберген соң, 82 мың кәсіпкердің 6,2 мыңы өз еркімен жалпы сомасы 43,7 млрд теңге табысын ресми рәсімдеген. Осы сомадан 1,1 млрд теңге салық төленбек.
Одан бөлек, 260 мың салық төлеушінің ұзақ уақыт бойы күніне тек бір чек қана шығарып отырғанын немесе тұрақты түрде бірдей сома көрсеткенін анықталған.
Мәселен, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы азық-түлік дүкені бір жыл бойы күніне тек бір чек шығарып, үнемі 7 мың теңге сомасын көрсетіп отырған. Бұл – касса аппаратын қолданбау және тұтынушылар құқығын өрескел бұзу белгісі.
Бұған дейін кірісітер комитеті 550-ге тарта блогердің 53 млрд теңгеден аса кірісін салық есебінде көрсетпегенін хабарлады.Мемлекеттік кірістер комитетінен хат алған тұлғалар 30 күн ішінде қосымша салық есебін ұсынуы қажет. Келіспеген жағдайда комитетке өз түсіндірмесін ұсынады.
Артынша әлеуметтік желілерде осы санатқа кіретін 31 адамның тізімі жарияланды. Олардың арасында кәсіпкер, жүргізушілер, блогерлер, әнші, журналистер де бар. Бірақ 31 адамның ешқайсысы салық органдарының айыбына келіспейтін тәрізді. KursivMedia солардың бірқатарының пікірін ұсынды.