Банк пен қаржы

Несиенің төлем мерзімін қалай кейінге шегеруге болады?

Несиенің төлем мерзімін кейінге шегеру деген не/ Фото: shutterstock

Аяқ асты кірісі азайып, несиені уақытылы төлей алмай қалатын жағдай көпшілігінде болады. Банк алдында айыппұл төлемес үшін, несиенің мерзімін кейінге қалдыра аласыз. Оны қалай пайдалануға болады? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мамандарының кеңесін ұсынамыз.

Несие бойынша төлем мерзімін кейінге шегеру – борышкерді төлем жасаудан уақытша босату. Бірақ қарызды мүлдем кешіру деген сөз емес. Тек ай сайынғы төлемді кейінге қалдырасыз. Қаржылай жағдайыңыз қалпына келген соң, банк несие мерзімін ұзартуы немесе төлемді көбейтуі мүмкін.

«Егер мерзімін кейінге шегеру рәсімі ресми түрде келісіліп, шарттың талаптары орындалса, бұл несие тарихына теріс әсер етпейді», – деп түсіндіреді агенттік мамандары.

Төлем мерзімін кейінге шегеруді кім пайдалана алады?

Қандай жағдайда банк несиенің төлем мерзімін кейін шегеруге рұқсат береді:

  • уақытша еңбекке жарамсыздық (кенеттен ауырып қалу);
  • жұмыстан қысқару немесе кірісі төмендеуі;
  • отбасы мүшелерінің санының артуы (бала саны көбейсе);
  • төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және т.б.).

«2024 жылдан бастап мерзімді әскери қызметшілерге несие бойынша мерзімін кейінге шегеру автоматты түрде беріледі – өтініш берудің қажеті жоқ. Бұл тек қызмет ету кезеңін ғана емес, одан кейінгі 60 күнді де қамтиды. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде пайыздар мен айыппұлдар есептелмейді«, – дейді агенттік мамандары.

Несие мерзімін кейінге шегеруді қалай рәсімдеуге болады?

  1. Несие берген ұйымға жүгіну. Банк немесе микроқаржы ұйымына хабарласып, өтініш беру.
  2. Құжаттарды дайындау. Өтініш үшін қажетті құжаттар тізімі: жұмыстан босату туралы бұйрық немесе қысқарту туралы анықтама, медициналық анықтама, кірістің азайғанын растайтын құжаттар, бала туу туралы куәлік (егер бала саны артса)
  3. Шешімді күту. Қаржы ұйымы берген өтінішіңізді 15 күн ішінде қарайды.

«Егер негізсіз бас тартса, банк омбудсманына (банктер үшін) немесе микроқаржы омбудсманына (МҚҰ үшін) жүгінуге болады. Егер олар да көмектесе алмаса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға болады», – дейді мамандар.

Есте сақтайтын дүние – мерзімін кейінге шегеру уақыты артқан сайын, артық төлем сомасы да көбейеді. Қарыз мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінішті қарыз мерзімі өтіп кетпей тұрып беру керек.