Lifestyle

«Болмаған балалық шақ»: жүректі тебірентетін ауыр тағдыр хикаясы

«Болмаған балалық шақ» кино әлемінде жаңа леп, жаңа бағыт пен көзқарас / фото: постер

Кейбір фильмдер жай ғана оқиға емес, көрерменнің жанына, жүрегіне әсер ететін нағыз өнер туындысына айналады. Ақберен Елгезектің балалық шағына негізделген «Болмаған балалық шақ» фильмі дәл сондай туындылардың бірі. Бұл – жан жарасы, бала махаббаты, қорқыныш пен үміт, әділетсіздік пен күрес туралы терең мағыналы фильм.

Бала жүрегіне түскен жара

Сюжет қарапайым болғанымен, эмоциялық тұрғыдан өте ауыр. Басты кейіпкер – бала Ақберен. Жастайынан әкесінен айырылғаннан баланың анасы қиын жағдайдан шығу үшін басқа адамға тұрмысқа шығады. Бірақ өгей әке Тағай – баланың көзқарасында құбыжыққа айналады. Ақбереннің көзімен біз анасының жансыз мүсінге айналғанын, қорқыныштың барлық отбасын қалай билегенін көреміз.

Фильм бойы көрермен Ақбереннің жүрек түкпіріндегі күресін сезінеді: анасы үшін қорқады, отбасын қорғағысы келеді, бірақ өзі әлі бала. Бұл оның жанына түскен ауыр жараны бейнелейді. Көптеген көрермен бұл фильмнен өз балалық шағын, ата-анасының қиындықтарын, өмірдің әділетсіз сәттерін көретіні сөзсіз.

фото: asanafilm

Режиссерлік жұмыс: шынайылық пен тылсым дүниенің үйлесімі

Режиссер Айдын Сахаман туындыны тек драма ретінде емес, сиқырлық реализм мен фантастикалық элементтер арқылы да жеткізген. Баланың көзімен әлем басқаша көрінеді: оның қорқынышы – құбыжықтар, өгей әкесі – жын-пері секілді әсер қалдырады. Осы детальдар фильмнің ерекше атмосферасын қалыптастырады.

Фильмнің көркемдік стилі де жоғары деңгейде: ауыл тұрмысы, 80-90 жылдардың шынайы бейнесі, сол заманның қарапайым өмірі дәл жеткізілген. Әр деталь орынды қойылған. Жарық пен көлеңке арқылы кейіпкерлердің эмоциясын тереңірек ұғынуға мүмкіндік жасалған.

Актерлік шеберлік: балалардың әсерлі ойыны

Фильмнің басты ерекшелігі – бала актерлердің керемет шеберлігі. Шәкәрім Алмасбек пен Нұртілек Жарылқасын бала жүрегіндегі қорқыныш пен үмітті шынайы жеткізе алды. Берік Айтжанов әрдайым кәсіби деңгейін сақтайтын актер ретінде бұл жолы да керемет образ сомдаған. Бірақ басты назар – бүлдіршіндерде. Олардың көзқарасындағы шынайылық, әрбір эмоциясы көрерменді бейжай қалдырмайды.

фото: asanafilm

Музыка: жанды тербейтін әуендер

Фильмнің музыкалық сүйемелдеуі ерекше атап өтуге лайық. «Мен деп ойла» әнін кішкентай қыздың орындауында естігенде, жан дүниеңде бір толқу пайда болады. Мейрамбек Беспаевтың «Бозторғай» әні – бұл фильмнің ресми саундтрегі болып 38 жылдан кейін қайта шырқалды.

Кімдерге көруге болады?

«Болмаған балалық шақ» – бұл жай ғана кино емес, жанның айнасы. Бұл фильмді отбасымен бірге көруге болады, себебі ол ана мен бала махаббаты, бауырлар арасындағы сүйіспеншілік, жалғыздық пен үміт, жетімнің ауыр тағдыры секілді маңызды тақырыптарды қозғайды.

Фильмді көргеннен кейін, әрбір көрермен өз балалық шағын еске алады, ата-ананың қадірін түсінеді, ал ата-аналар – балалардың ішкі әлеміне үңіледі.

«Болмаған балалық шақ» – бұл өмірдің қиындықтарына қарсы тұру, баланың нәзік жүрегіндегі қорқыныш пен үміттің тартысы, жақсылық пен жамандықтың шайқасы туралы әсерлі туынды.

Бұл – жанды жаралайтын, бірақ үміт отын сыйлайтын фильм. Оны көрген соң, жүрегіңізде ауырлық қалады, бірақ сонымен қатар махаббат пен мейірімнің күші бәрінен де биік екенін түсінесіз. Бұл фильмді 27 ақпаннан бастап кинотеатрларда көре аласыз.

Бұған дейін фильмнің бас продюсері Ақберен Елгезек киноға қанша қаржы кеткенін, түсірілім барысында қандай қиындықтар мен қызықтар болғаны туралы Kursiv Media-ға сұхбат берген еді.