Сот талапкердің Ғылым министрлігіне қарсы аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады

26 ақпан күні Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы талапкер Медина Майсардың Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы берген апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл іс су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне білім гранттарын бөлу мәселесіне байланысты қаралған болатын.
Сот шешімі қандай болды?
Сот алқасының шешімінде:
«Төтенше жағдай жарияланған өңірлерден келген талапкерлерге грант бөлу талапкердің құқықтарын бұзған жоқ. Жоғарыда көрсетілген жағдайлар шағымды қанағаттандырудан бас тартуға жеткілікті құқықтық негіз береді», – делінген.
Шағым неден туындады?
Майсардың өкілі Халида Әжіғұлова соттың бірінші инстанциясында қателік жіберілгенін айтты. Оның сөзінше, сот талапкердің шағымын тек 2024 жылғы 27 тамыздағы бұйрық бойынша қарастырып, бастапқыда дау болған 2 тамыздағы бұйрықты ескермеген.
«27 тамызда министрлік жаңа бұйрық шығарып, нәтижесінде талапкер грантқа ие болды. Алайда алғашқы бұйрықтың заңсыздығы мойындалмады, ал Медина Майсар министрліктен моральдық өтемақы мен ресми кешірім сұрауды талап етті», – деді Әжіғұлова.
Майсар сотта бұл жағдай алдағы жылдары да қайталануы мүмкін екенін айтып, биылғы түлектердің осындай қиындықтарға тап болмайтынына үміт білдірді.
«Мен екінші бұйрық шыққанға дейін үш апта бойы қатты күйзеліске түстім. Менің отбасымда анам мен сіңілім ғана бар, анам менің оқуымды қаржылай қолдай алмайды. Жоғары білім ала алмай қаламын ба деп қатты уайымдадым. Сондықтан мен моральдық тұрғыда қатты қиналдым», – деді Майсар.
Майсар кассациялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Бұл дау 2024 жылы талапкерлер арасында министрліктің грант бөлуіне қатысты туындаған мәселенің бір бөлігі ғана. Бұған дейін бірнеше талапкер Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген болатын. Олар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге квота бөлінгеннен кейін, өздері грантқа іліне алмай қалғанын айтты. Олардың балдары грант алған кейбір талапкерлерден жоғары болған. Алайда талапкерлердің шағымынан кейін министрлік қосымша грант бөліп, нәтижесінде олардың барлығы мемлекеттік грантқа ие болды.
2024 жылдың желтоқсанында Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Майсардың Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы берген алғашқы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан еді. Сол кезде сот «даулы бұйрық талапкердің қандай да бір құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды» деп шешіп, Майсардың әрекеттерінде «құқықты асыра пайдалану белгілері» бар деп тапқан болатын.