
Прагада өткен FIDE World Senior Team Chess Championship 2025 командалық әлем чемпионатында Қазақстанның 50+ санатындағы шахмат құрамасы қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістік ел шахмат мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, қазақстандық ардагер шахматшылардың шеберлігі мен күрескерлік рухын көрсетті.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті мен Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов ұлттық құраманың жетістігіне жоғары баға берді.
“Прагада өткен командалық әлем чемпионатында ардагерлеріміз керемет ойын көрсетіп, Қазақстан шахмат мектебінің мықтылығын дәлелдеді. 28 елдің үздік гроссмейстерлерімен тартысты күресте қола жүлде жеңіп алды! Бұл нәтиже тек мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар жас шахматшыларымызға үлкен мотивация береді,» – деді Турлов.
Команда құрамы және шешуші ойындар
Қазақстан құрамасының намысын гроссмейстерлер Муртас Қажғалеев, Павел Коцур, Серікбай Темірбаев, сондай-ақ халықаралық шеберлер Ерлан Тікжанов пен Валерий Мин қорғады. Құраманың капитаны – гроссмейстер Петр Костенко.
Шешуші турда Қазақстан – Англия-1 құрамасымен тең нәтиже көрсетті. Бұл қазақстандықтарға жалпы есепте үшінші орынға ие болуға мүмкіндік берді.
Турнир қорытындысы бойынша: АҚШ 1 орын алса, 2 орында Италия құрамасы және үздік үштікті Қазақстан құрамасы түйіндеді.