Жаздан бастап Алматыда автотұрақ бағасы қымбаттайды

Жарияланды
парковки
Алматыда автотұрақ бағасы қымбаттайды / Фото: архив Kursiv.media

Алматыда автотұрақ бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Қала әкімі Ерболат Досаев бұл шараның Алматы ауасын тазарту мақсатында қолға алынатынын айтты.

«Алматыда автотұрақ бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Жаз айларында барлық үлкен қалалардағыдай автотұрақ бағасын айтарлықтай көтереміз. Біз осылайша қалаға кіретін көліктерді ығыстырамыз. Сонымен бірге қалада таза аймақтар құрамыз. Бұған қатысты арнайы құжат әзірленіп, мәслихатқа ұсынылып, талқылауға шығарылады. Екі басты мәселе әкімшілендіруде болып тұр», – деді әкім.

Досаевтың айтуынша, қыс мезгілінде жылыту маусымына байланысты қалада ауа сапасы қатты нашарлайды. Десе де, Алматы ауасын тазартуға қатысты оң шешімдер бар. Әкімдік 2025-2027 жылдарға арналған бағдарлама әзірлеген. Оған сәйкес, өндірістік шығарындыларды азайтып, автокөлік транспортының жұмысын реттеу көзделген.

Ал әкім айтқан шығарындылардан таза аймақтар ақылы болады. Бұл аймаққа көп түтін шығаратын ескі көліктер кіретін болса, оларға арнайы тариф бекітілуі мүмкін. Досаев мұндай тәжірибе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында сәтті жүзеге асқанын айтты.

«Экологиядық таза аймақтар бекітіліп, онда кіретін көліктерден төлем алынады. Ал электромобильдерге тегін жүруге рұқсат беріледі», – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз