Голан жотасына жіберілген әскерилерге БҰҰ қанша қаражат төлейтіні белгілі болды

Жарияланды
Голан жотасына жіберілген әскерилерге
Голан жотасына жіберілген әскерилерге БҰҰ жылына 2,4 млн доллар өтемақы төлейді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Голан жотасына бітімгерлік әскерін жібергені үшін Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанға жылына 5 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат төлейді. Бұл туралы Сенат депутаты Андрей Лукин айтты.

Сенат Қазақстан мен БҰҰ арасында түсіністік туралы меморандумды ратификациялады. Меморандумға сәйкес, БҰҰ қазақстандық контингентке бітімгершілік шараларға атсалысқаны үшін өтемақы төлейді.

БҰҰ жылына 5 млн доллар төлейді

БҰҰ төлемдерінің жалпы сомасы жылына шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде:

  • 2,6 млн доллар техниканы, қару-жарақты және мүлікті пайдаланғаны үшін;
  • 2,4 млн доллар жеке құрам үшін төленеді.

Екі төлем екі түрлі банктік шотқа бөлінеді.

Жеке құрамға бөлінген қаражат әскерилердің өзіне түседі. Ал 2,6 млн доллар мемлекеттік бюджетке түседі.

«Заңның қабылдануы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау саласындағы жауапты әріптес ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін нығайтады, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді және шетелдік бітімгершілік контингенттермен тәжірибе алмасу үшін жағдай жасайды», – деді Лукин.

Неге ұйым бір жыл бойы әскерилерге ақша төлемеген?

Қазақстандық бітімгершілік контингенті Голан жоталарына 2024 жылдың наурыз айында жіберілген болатын. Бірақ бір жылға жуық шиеленісті аймақта қызмет еткен жауынгерлердің БҰҰ-дан өтемақы алмағаны белгілі болды. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қаражат төлеу үшін арнайы келісімшарт жасау қажет болғанын, оны әзірлеуге ұзақ уақыт кетіп қалғанын айтты. БҰҰ жалақысының көлемі ай сайын 1 448 доллар көлемінде бекітілген. Барлық елдің әскерилері үшін осы сома 2023 жылы бекітілген. Бұған дейін жалақы көлемі 1330 доллар көлемінде болған.

Қазақстан тарапынан әр әскериге осыған дейін алып жүрген айлық жалақысының 3 еселенген көлемі төленеді. Әскерилер қауіпті аймақта жұмыс жүргізгені үшін министрлік олардың айылығын еселеп төлеп отырады.

Сондай-ақ оқыңыз