
Астанадағы құрылысы аяқталуға жақын LRT-ға қажетті пойыз құрамдары Қытайдан жеткізіледі. Бұл туралы «City Transportation Systems» компаниясы хабарлады.
«Қытайдың Таншань қаласында LRT алғашқы жылжымалы құрамдарын құрастыру жұмысы жүргізілуде. 19 дана жылжымалы құрамға тапсырыс «CRRC Tangshan Co., Ltd» зауытына берілді», – делінген компания хабарламасында.
Жылжымалы құрамның жалпы ұзындығы 60 метрді құрайды. Төрт секциялық құрам сыйымдылығы – 600 адам.

Әр құрамға автоматтандырылған-аппараттық құрал-жабдық кешені орнатылған. Бұл кешен мынадай функцияларды атқарады:
- есіктерді автоматы түрде ашу және жабу;
- тоқтау және жылдамдату;
- депоға кіру және шығу;
- құрамдардың жағдайын бақылау;
- пойыздар арасындағы қашықтықты реттеу.
Сонымен бірге автоматтандырылған жүйе кейбір функцияларды оператордың немесе машинистің қатысуынсыз жүзеге асыра алады.
Жылжымалы құрам вагондарының сапасы
Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін вагон салондарында беріктігі жоғары материалдар пайдаланылады. Сыртқы шуды азайту мақсатында қалыңдатылған терезелер және шуды бәсеңдету элементтері пайдаланылады.

Вагондар Астананың қатты желі мен Сарыарқаның сары аязына бейімделіп жасалмақ.
«Астана климатының ерекшелігін ескере келе, алдыңғы терезесі температураны реттейтін электрлі жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл кенеттен болатын температура өзгерістерінде әйнектің булануының алдын алады», – деп хабарлайды компания.
Сонымен бірге жаздыгүнгі жайлылық үшін вагондарға кондиционер қондырғысы орнатылады. Оның салқындату қуаты сағатында 35 кВт-ты құрайды. Құрамның толық қуаты 1722 кВт. Жылдамдығы сағатына – 80 шақырым. Ең қызығы, жылжымалы құрамды пилотсыз басқаруға болады.

Вагондар Қытайдан осы жылдың мамыр айында жеткізіле бастайды. Ал қыркүйек айында сынақтан өткізіледі.
Айта кетсек, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT желісінің 2026 жылдың басында толыққанды іске қосылатынын айтқан болатын. Әкім пойызда жүру билетінің құны қымбат болмайтынын жеткізді.