Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовтың қолына кісен салынып, Қазақстанға жеткізілді

Жарияланды
Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды /Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды /Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовтың қолына кісен салынып, Қазақстанға жеткізілді.

Қандай күдік келтіріліп отыр?

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, шетелге қашпақ болған жерінен өзбек шекарашылары ұстаған қашқын шенеунікті қайтаруға үш органның өкілдері жұмылдырылыпты. Атап айтқанда, ҚМА-дан бөлек, Бас прокуратура және ҰҚК өкілдері бар.

Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовқа «ірі көлемде алаяқтық жасады» және «пара беруге итермеледі» деген күдік келтіріліп отыр.

Шешілмеген мәселе және 90 млн теңге

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, экс-шенеунік адвакот Құрманбаевпен бірге, қызметтік байланысын пайдаланған. В.Долгалевтің серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуде оған қолғабыс бере алатынын айтқан.  Бұл мәселені шешу үшін Сәдуақасов пен Құрманбаев 225 млн теңге сұраған. Күдіктілер кәсіпкердің 90 млн теңгесін алып, қалауынша жаратып жіберген. Бірақ шенеунік пен адвокат сөзінде тұрмай кеткен.

Бұл жайт әшкере болған соң, Сәдуақасов бас сауғалап, қылмыстық жауапкершіліктен қашып құтылмақ болады.

Шекараны қалай кесіп өткен?

Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына сенсек, бұрынғы шенеунік Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Алайда Өзбекстанның шекара қызметі қырағылық танытып, қолға түсірген. Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары үстінен «шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша да іс қозғалып отыр.

Агенттіктің хабарлауынша, қашқын 2025 жылғы 25 ақпанда Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау-өткізу пунктінде агенттік қызметкерлеріне тапсырылған.

Ол қазір қандай абақтыда отыр?

Кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.

Жақын арада Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі. Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасарының ісі Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралмақ.

Мұның алдында Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарының Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өту кезінде ұсталғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз