
Ауыл шаруашылығы мен БАҚ-ты ҚҚС-тан босатады. Бүгін, 27 ақпан күні, Мәжілісте Салық кодексінің жобасына қатысты дөңгелек үстел өтіп, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа өзгерістерді түсіндірді.
Салық кодексіндегі өзгерістер
- ҚҚС көлемі 12%-дан 16%-ға көтеріледі
- ҚҚС-ны тіркеу шегі 20 мың АЕК-тен 3800 АЕК-ке (15 млн теңге) дейін төмендейді.
- Медиа және агроөнеркәсіптік кешен ҚҚС-дан босатылады.
- Фармацевтикалық өндіріс, медициналық қызмет және әлеуметтік маңызды тауарлар үшін ҚҚС шегі 10% көлемінде қалады
Салық кодексіндегі тағы бір қадамның бірі – арнайы салықтық режимнің реформалануы. Оның аясында өзгерістер:
- Кіріс бойынша шек -жылына 2 359 млн теңге
- Жұмысшылар саны – шектеусіз
- Егер саудадан түскен кіріс жылына 100 млн теңгеден асып кетсе еңбекақы төлеу қоры шегеріледі
- Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификатордың (ЭҚТЖК) рұқсат берілген тізімі
- Бөлшек салығы – 4% (50%-ы мәслихат құқығы)
- Тек B2C (бизнес пен жеке тұлға) үшін ғана жүзеге асырылады
Неге салық реформасы жасалып жатыр?
Әмриннің сөзінше, салық жобасының өзгеріске ұшырауына мемлекет бюджетіндегі тапшылық себеп болып отыр. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 2022-2023 жылдар аралығында Қазақстанның шоғырланған бюджетіне (республикалық және жергілікті бюджет) кіріс ЖІӨ-нің 23%-ын құрайды. Бұл көрсеткішпен Қазақстан ТМД елдерінің арасында ең төменгі орында тұр.
Бюджеттегі тапшылықты жабу үшін үкімет мемлекеттік қарыз бен оның шығындарын және Ұлттық қордың трансфертін көбейтуге мәжбүр. 2022 жылы мемлекеттік қарызды жабуға бөлінген қаражат бюджеттің 1,4%-ын, 2023 жылы 1,9%-ын ал 2024 жылы 2,2%-ын құраған. 2024 жылы Ұлттық қордан да рекорды көлемдегі трансферт алынды – 5,6 трлн теңге. Бұған дейін 2023 жылы бюджет тапшылығын жабуға Ұлттық қордан 4,0 трлн, 2022 жылы 4,6 трлн 2021 жылы 4,5 трлн теңге алынған.
Жоғарыдағы жағдайды ескере отырып, Үкімет басшысы Олжас Бектенов те бюджетті толтыру үшін қосылған құн салығын көтеру қажет деген ойын айтты. Бірақ сарапшылар бұл өзгеріс теріс әсер етеді деген пікірде.
«Тауарлар мен қызмет көрсету бағасы 8 емес, бірден 20 пайызға көтеріледі. Соның салдарынан инфляция артады. Сөйтіп Үкімет қосылған құн салығын көтеруден түседі деп жоспарлаған табысты ешқашан ала алмайды. Есесіне дүрбелең басталады«, – деген еді Жәкішев