Lifestyle

Алматы студенттері бизнес-коучтың «біртүрлі» дәрісіне шағымданды

Narxoz студенттері бизнес-тренердің дәрісіне шағымданды / Фото: shutterstock

Алматыда Narxoz университетінің студенті әлеуметтік желіге дәріс оқыған бизнес-тренер Айка Әлемидің видеосын жариялады. Ол жерде шақырылған қонақ студенттерге көздерін жұмып, діни ән орындауды өтінеді. Білімгерлер мұндай дәріс форматын ұнатпай, университет басшылығына шағымданған.

Студент жариялаған видеода дәріс оқыған тренер залда әуен қосқан. Ол жерде Құрандағы жолдар да бар. Бизнес-тренер оны студенттерге қайталауын өтінеді. Видеоны түсірген білімгер «әу-баста дін үйрететін емес, жеке бренд бойынша тренингке» шақырғандарын айтады.

Кейінірек бизнес-тренердің өзі дәрістің мән-жайын түсіндірді. Оның сөзінше, ол – әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын медитациялық тәжірибе.

«Студент менің жаттығуымды дұрыс түсінбей, діни пропаганда жасады деп айыптады. Ол өз еркімен жасалатын жаттығу және жалпы тренингтің бір жарым сағатының екі минутын ғана алады. Жаңағы қыз аудиториядан шығып кетті, оны ешкім мәжбүрлеген жоқ», – деді Айка Әлеми Tengrinews тілшісіне.

Университет басшылығы студенттер алдында кешірім сұрады.

«Университет шын жүректен кешірім сұрайды және аталған шара қатысушыларға негативті әсер еткеніне өкініш білдіреді. Біз студенттердің пікірін бағалаймыз және белсенді көзқарасы үшін алғыс білдіреміз. Алғашында спикердің тақырыбы «Жеке брендті нөлден бастау» деп аталған еді. Бірақ дәріс кезінде аталған тақырыпқа сай келмейтін әдістер қолданылған», – деп хабарлады Narxoz басшылығы.

Қазақстан заңнамасына сәйкес. діни мекемелерді есептемегенде білім беру орындарында діни рәсімдер, шаралар, миссионерлік әрекеттер жасауға тыйым салынған.