
Электр энергиясы тарифінің өсуіне бірнеше себеп бар. Оған шикізат тарифінің өсуі, қызметкерлер жалақысын көбейту ықпал етеді деп түсіндірді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Тарифтер неге өсті?
«Осы жылы бірінші ақпаннан бастап станциядағы тарифтер 20%-ға өсті. Оған біріншіден, шикізат тарифтерінің өсуі себеп. Көмір қымбаттады, басқа да қосымша бөліктер қымбаттады, инфляциялық процестер өсіп жатыр. Екіншіден, әрине, кадрлық мәселе. Станциялардағы жалақыны көбейтіп жатырмыз. Себебі кадрлар кетіп жатыр. Бүгін электрстанцияларындағы білікті маманның орташа жалақысын 400-420 мыңға жеткіздік. Ол да тарифке әсер етеді», – деп түсіндірді ол.
Электр жарығы бағасының өсуіне әсер ететін тағы бір фактор – жөндеу жұмыстары. Есімхановтың сөзінше, электрэнергиясы станциялары сапалы жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Ал тұрғындарға баратын жарық пен жылу тарифін табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді.
«Толығырақ ақпаратты солардан сұрау керек. Дегенмен біз бірге жұмыс істейміз. Сондықтан жыл сайын тариф өсіретіндей мақсат жоқ. Олардың да белгілі бір ережелері бар. Стратегиялық тауар өскенде қолданатын төтенше жағдай механизмі бар. Жоспарлы тариф өсімі болады, сонымен қатар әлеуметтік көмек мәселесі де қаралады», – деп түсіндірді Сұңғат Есімханов.
Тарифке артық төлеген ақша қайта ма?
Осы жылы ақпанда Астана тұрғындары жарықтың бағасын артығымен төлеп келгені белгілі болды. Табиғи монополияларды реттеу комитеті монополистерді сотқа беріп, тарифтерді қайта төмендету деген талап қойған.
Журналистер осы мәселеге қатысты энергетика вице-министріне «артық төленген тарифтің ақшасы қайтарыла ма» деген сұрақ қойды.
«Біріншіден шешімді табиғи монополияларды реттеу комитеті қабылдайды. Қайтарылады, бірақ әрқайсысына жеке емес. Келесі айда тарифтерді есептегенде, баға аздаған сомаға азаяды. Оны арнайы органдар бақылап отырады», – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, осы жылдың бірінші ақпанынан бастап 1 кВт/сағ электр энергиясының шекті тарифі 2 теңгеге қымбаттады. Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, бағаны өсіруге 36 энергия өндіруші ұйым өтініш берген.