
Қытайда ер адам 280 доллар жұмсап, сақина лақтыру ойынында 235 мың долларлық спорткар ұтып алды деп жазады жергілікті басылымдар.
Бұл жарыс Хэнань провинциясындағы Шанцю қаласындағы түнгі базарда өтті. Бас жүлде – люкс спорткар болғанымен, қатысушылар қой мен сиыр сияқты жануарларды да ұтып алу мүмкіндігіне ие болды. Сол жерде Ван есімді азамат та өз бағын сынап көруге бел буады. Ол 280 долларға сақиналар сатып алып, үш сағат ішінде шамамен 8000 рет сақина лақтырған. Нәтижесінде басты жүлдені жеңіп алды.
«Мыңдаған сақина лақтырдым, қолым әлі де ауырып тұр. Басында жай қызық үшін қатыстым, бірақ ақырында сәттілік рөл ойнады», – деді жеңімпаз.

Кейін белгілі болғандай, Ван сақина лақтыруда тәжірибелі екен. Ол баскетболмен айналысады және түнгі базарларда жиі осындай сайыстарға қатысып тұрған. Мысалы, Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесінде ол небәрі 20 доллар жұмсап, алты қаз ұтып алған.
Алайда жеңіс қуанышы ұзаққа созылмады. Спорткарды бір жылға ғана пайдалануға болады, толық меншік құқығы берілмейді екен. Қазір Ван жүлдені ақшалай өтемақыға айырбастау үшін стенд иесімен келіссөз жүргізіп жатыр.