Банк пен қаржы

Қазақстанда нигериялық Taj банкінің филиалы ашылуы мүмкін

Қазақстанда нигериялық банктің филиалы ашылады / Фото: ашық дереккөз

Қазақстан делегациясы Нигерияға іссапармен барып, исламдық қаржы саласындағы меморандумға қол қойды. Оның аясында нигериялық Taj Bank Nigeria атты қаржы ұйымы Астана қаржы орталығында тіркеліп, филиалын ашады деп хабарлайды ҚР СІМ.

Taj Bank Nigeria 2019 жылы ашылған. Ол – шариғат қағидалары бойынша жұмыс істейтін ислам банкі.

Ислам банкінің өзге екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы – пайызға несие бермейді. Оның орнына ортақ сатып алу, жалға алу немесе саудалай қаржыландыру тәрізді қаржылай модельдерді пайдаланады.

Дәл қазір Қазақстанда шариғат қағидасымен жұмыс істейтін екі банк бар: Заман Банк және ADCB (бұрынғы Al Hilal).

«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова 2025 жылы ислам ипотекасы іске қосылады деген еді. Бірақ ол үшін елде арнайы құқықтық база жасалу керек.

Бұдан бөлек, Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Нигерияға үш бағыт бойынша ынтымақтастықты ұсынды: Нигериядағы сирек және сирек жер металдарын зерттеу, қазақстандық тыңайтқыштарды Нигерия нарығына жеткізу және қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы серіктестік.

Сондай-ақ ғарыш қызметі саласындағы жобаларды дамытуды көздейтін «Kazakhstan Gharysh Sapary» ҰК» АҚ мен «Suburban Broadband Limited» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.