Жаңалықтар

Семейде оқушылар ұрып-соққан баланың отбасына 24 млн теңге жинап берді

Семейде мектеп оқушылары ұрып-соққан баланың отбасына қазақстандықтар 24 млн теңге жинап берді. Бұл туралы Абай облысындағы бала құқығы бойынша аймақтық жауапты маман Эльзира Жүнісова хабарлады.

Оның сөзінше, жәбір көрген бала толық медициналық тексеруден өткен, психологиялық көмек алды

«Маған отбасын қолдау туралы сауалдар келіп жатыр. Бүгін оның үлкен әпкесінің шотына 24 млн теңге жиналғаны белгілі болды. Оны баспана сатып алуға жұмсайды. Отбасы көмектескен барша қазақстандықтарға алғыс білдіреді», – деді ол әлеуметтік желіде.

Оның сөзінше, облыста мәслихат депутаттары, қорғаушылар және қоғамдық қорлардың қатысуымен арнайы комиссия құрылған.

24 ақпанда әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының өзге бір ұл баланы аяусыз ұрып-соққан видеосы жарияланды. Оны жасөспірімдердің өздері түсірген.

28 ақпанда ол жасөспірімдерге қатысты тергеу ісі басталғаны белгілі болды. Арнайы комиссияның шешімімен, төбелеске қатысқандардың барлығы девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған мектепке жіберілді және ары қарай психологтармен жұмыс істейді.

Балалар оқыған мектептің директоры қызметінен босап, білім беру мекемелерінің жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.