«Шығындар өсе береді». Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексін таныстырды

Бүгін, 27 ақпанда, Мәжілісте дөңгелек үстел өтіп, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Салық Кодексін таныстырды. Бірақ депутаттардың жаңа жобаға қатысты сұрақтары көп болды.
Неге ҚҚС кезең-кезеңімен көтерілмеді?
Азамат Әмрин Салық кодексі жобасын таныстырғаннан кейін, «Ақ жол» фракциясының көшбасшысы Азат Перуашев «ҚҚС неге кезең-кезеңімен көтерілмеген» деген сұрақ қойды.
«Бірден 16% емес, үш жылға 14% деген сияқты кезең-кезеңмен көтеру деген мәселені қарастырдыңыздар ма? Сіздер бірден 16%-ға көшу деген шешімді негіздеген жоқсыздар ғой. Тек қажеттілікті айттыңыз, мүмкіндіктері айтылған жоқ», – деді ол.
Бюджет тапшылығын жабу қажет болса, бизнеске ғана салмақ сала бермей, «мемлекеттік шығындарды қысқарту жағын қарастырдыңыздар ма» деген сұрағын да қойды.
«Баяндамаңызда бюджет тапшылығын 5-тен 9 трлн-ға дейін жабу туралы айттыңыз. Ол соманың қанша бөлігін мемлекеттік шығындарды қысқарту арқылы жабуды жоспарлап отырсыздар. Квазимемлекеттік сектордың шығындарын қысқарту, жемқорлықты қысқарту. Көлеңкелі экономикаға тәртіп орнату, міне, солар ҚҚС-ны төлеуі керек. Осы нәрселер қайда? Неге барлығын бизнеске арта салдыңыздар?», -деді «Ақ жол» фракциясының көшбасшысы Азат Перуашев.
«Шығындар өсе береді»
Өз кезегінде Азамат Әмрин бюджетті қысқартудай-ақ қысқартып жатырмыз деп ақталды. Оның сөзінше, бұған дейін 2025 жылғы бюджетті жоспарлағанда шығын 32 трлн теңгеден асқан. Дегенмен оны қайта қарап 25 трлн теңгеге дейін түсірген. Яғни 7 трлн тиімсіз шығын қысқартылған.
Бірақ бұл бер жағы, шығындар әлі де өсе түсетін көрінеді.
«Шығындар өсе береді. Денсаулық сақтау (шығыны – ред.) ЖІӨ-нің 3-4%-ын құрайды. Білім саласына қаржыландыру жетіспейді. Егер оның бәрін қаржыландыратын болсақ, шығындар өсе береді. Біз шекті мөлшері деп есептеген 28 трлн теңге шығын, ол да жетпейді», – дейді ол.
Вице-министрдің түсіндіруінше, ҚҚС-ны есептеу кезінде түрлі модельдерді пайдаланып көрген.
«Түрлі нұсқаларды қарадық. Жылына 1%, 2% дегенді де, 12%, 14% – түрлі нұсқаларды қарадық. Бірақ қажетті нәтижені бермейді. 28 трлн теңге деген бюджетте тесік бар. Егер жыл сайын жасайтын (жыл сайын ҚҚС көтеретін болсақ – ред) болсақ, мемлекеттік міндеттемелерін жаба алмаймыз. Сондықтан осыны ұсынып отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, 20 ақпанда Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексінің заң жобасын Мәжіліс қарауына ұсынды. Ведомствоның есептеуінше, ҚҚС көтергеннен кейін, бюджетке жыл сайын шамамен 5 трлн теңге түсуі керек.