Жаңалықтар

Вашингтондағы Ақ үй президенттік шараларға журналистерді таңдап кіргізетін болды

Племянник Кеннеди планирует баллотироваться в президенты США
Ақ үйге журналистердің кіруін шектейтін болады / Фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі журналистердің президенттік шараларға қатысу тәртібін өзгертті. Бұл Reuters, The Associated Press және Bloomberg News тәрізді әлемдік БАҚ-тың наразылығын туғызды. Олар тілшілердің Ақ үйге кіруіне шектеу қоюы демократиялық қағидаларды бұзып, шынайы ақпараттың таралуына қауіп төндіреді деген мәлімдеме жасады.

Трамп әкімшілігінің түсіндіруінше, енді президенттің кездесулерін, оның ішінде министрлер кабинетінің отырыстарына қатысатын журналистерді Ақ үй тілшілер қауымдастығы (WHCA) емес, президенті әкімшілігі анықтайды.

Сәрсенбі күні Reuters, AP, HuffPost және Германияның Der Tagesspiegel сияқты ірі агенттіктердің тілшілеріне министрлер кабинетінің алғашқы отырысына қатысуға рұқсат берілмеді. Алайда ABC және Newsmax телеарналарының түсірілім топтары, сондай-ақ Axios, Blaze, Bloomberg News және NPR тілшілері қатысқан.

Reuters, AP және Bloomberg News агенттіктері журналистері көп жылдар бойы Ақ үйдің жұмысын аудиторияның саяси көзқарасына қарамастан объективті әрі жедел түрде жариялап келе жатқанын атап өтті. Олар бүкіл әлемдегі жергілікті басылымдарда жарияланатын президент туралы ақпараттың едәуір бөлігі осы агенттіктерден алынатынын баса айтты.

«Демократия жағдайында қоғамның өз үкіметі туралы тәуелсіз және еркін баспасөз арқылы ақпарат алу мүмкіндігі аса маңызды. Үкіметтің президентке қол жеткізе алатын ақпарат агенттіктерінің санын шектеуге бағытталған кез келген әрекеті бұл қағидаға қауіп төндіреді деп санаймыз», – деді жетекші агенттіктердің бас редакторлары.

Трамп әкімшілігінің шешімі журналистік қауымдастық тарапынан да қатты сынға ұшырады. WHCA президенті Юджин Дэниелс бұл қадамды «баспасөздің тәуелсіздігіне қол сұғу» деп атап, үкіметке өз жұмысын жариялайтын БАҚ-ты таңдауға мүмкіндік береді деп мәлімдеді.

Журналистерге неге шектеу қойды?

Reuters деректеріне сүйенсек, AP агенттігінің пулдан шығарылуына себеп болуы мүмкін жағдайлардың бірі – агенттіктің Мексика шығанағын Трамп ұсынғандай «Америкалық шығанақ» деп атаудан бас тартуы. Ақ үй AP редакциялық стиль анықтамалығына тиісті өзгерістер енгізуді талап еткен, бірақ агенттік бұған келіспеген.

Ақ үй дәстүрлі БАҚ президенттің жұмысын жариялауды жалғастырады, бірақ пул құрамы өзгеріп, жаңа медиаформаттар – стримингтік сервистер мен радиоплатформаларға көбірек орын беріледі деп сендірді.

Президенттік мерзім басталғалы бері Трамп және оның айналасындағылардың шешімдері көпшілікті таңғалдырып келеді. Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Пентагон бюджетін қысқартып, қызметкерлерді жұмыстан қысқартатыны жайлы хабарлаған.