Алло, алло: ұялы байланыс технологиясы Айда сыналады

Жарияланды 27 Ақпан 2025 11:57

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Болашақта Айдағы астронавтар ұялы байланыспен сөйлесуге мүмкіндік алады / фото: shutterstock

Астронавтар Айда жүріп-ақ бір-бірімен ұялы байланыспен сөйлесуге мүмкіндік алады. Жердің табиғи серігі – Айда ұялы байланыс технологиясы сынақтан өтеді деп хабарлайды Bloomberg.

Бұған дейін Аймен байланыс радиотолқында көмегімен орнатылып келді. Кезінде соның көмегімен бүкіл әлем Айға қонған америкалық Нил Армстронгтың даусын естіді.

Ұялы байланыс не үшін қажет?

Өкінішке қарай, байланыстың радиотолқынға негізделген түрі А нүктесінен Б нүктесіне дейін ешқандай кедергісіз жазықта дұрыс жұмыс істейді. Ал Айдың Жерге көрінбейтін екінші бір жартысында байланыстың мұндай түрі ұстамайды.

Сол себепті ғалымдар Айда ұялы байланыс технологиясын сынақтан өткізіп көрмек. Intuitive Machines компаниясы осы аптада Айға Athena модулін ұшырғалы жатыр. Ол НАСА-ның Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан ұшады. Модуль Айдың арғы бетінде құнды ресурстар іздейді.

Athena тарихта алғаш рет Ай бетінде ұялы байланыс желісін іске қосады. Оған Nokia фин телекоммуникациялық компаниясы көмектеседі.

Айға қонған соң, луноход пен хоппер Athena ұялы байланыс желісіне қосылуға тырысады. Модуль Жермен де байланысып, тұнық видео жолдайды деп жоспарланған.

Айда адам жоқ, бірақ…

Нил Армстронг алғаш рет Айға аяқ басқалы бері Жердің табиғи серігіне адам баласы барған емес. Бірақ болашақта астронавт жіберу жоспарда бар.

Қазірдің өзінде Ай миссиясын АҚШ қана емес, Қытай, Жапония, Үндістан және басқа да елдер сәтті орындап жүр.

Астронавтар Айда бір-бірімен смартфонмен сөйлесетін күн жақында туа қоймас. Бірақ осы технологияны бірінші болып меңгерген ел жылдам әрі сапасы жоғары байланыстың арқасында Айды бағындыруда әдеуір басымдық алары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыз