Кәсіпкерлер қалтасына қол салғанды қоймасақ, бірнеше жылда елді жұтып тынамыз – Құлекеев

Бұрынғы экономика министрі Жақсыбек Құлекеев үкіметтің жаңа салық саясатын сынады. Саясаткердің пікірінше, кәсіпкерлер қалтасына заңды-заңсыз қол салғанды доғармасақ, бірнеше жылда елді жұтып тынамыз.
Салық әділетті болса, ешкім шағымданбас еді
90-жылдардың аяғында экономика министрлігін, 2000 жылдардың басында білім министрлігін басқарған Жақсыбек Құлекеев үкіметтің жаңа салық саясатына қатысты пікірін 27 ақпанда Мәжілістегі дөңгелек үстел отырысында айтты.
«Алдағы он жылда бізде әлі де мұнай табысы болар. Он жылдан кейін не істейміз? Елдің жағдайы қалай болмақ? Қирап қаламыз ғой. Біз соған беттеп келе жатырмыз.
Адамдар салық жоғары деп шағымданып жатыр. Елде салық әділетті болса, ешкім шағымданбас еді.
Бюджет тәртібі қатты босап кетті. Былтырғы мәліметтерді қарар болсақ, одан алдындағы жылдарға қарағанда бес есе төмен салық жиналған. Биыл да солай жұмыс істер болсақ, бірнеше жылда елді жұтып тынамыз.
Себебі – біз заңды, заңсыз әдіспен кәсіпкерлердің қалтасына қол салуға әбден үйреніп алдық. Ақшаларын тартып алып жатырмыз. Олардың да шыдамы таусылады», – дейді Жақсыбек Құлекеев.
Салық төлейтіндер бәсекеге төтеп бере алмайды
Экс-министр биліктің қосылған құн салығын көтеру ұсынысын қолдайды, бірақ одан бұрын салық төлеушілердің бәрі төлейтіндей тәртіп орнату қажет.
«Біз Қазақстанда 2,4 млн жеке кәсіпкер құрып қойдық. Соның 2 миллионы төлемейді. Бұл не сұмдық? Шағын кәсіпкерлік үлесіне ішкі жалпы өнімнің 34 пайызы келеді. Ал сол жерден бюджет ештеңе алып отырған жоқ. Онда біз мемлекетті қалай бағып-қағамыз?
Салық төлеп жүргендер әрі қарай қалай жұмыс істейді? Салық төлейтіндер ешқашан бәсекеге төтеп бере алмайды. Себебі қалған 2 миллионнан аса адам басқаларға салық төлемеуге көмектесіп жүр. Жағдайды түзегіміз келсе, әуелі осы мәселені шешіп алайық», – дейді 67 жастағы саясаткер.
Естеріңізге сала кетейік, 20 ақпанда Ұлттық экономи министрлігі қосылған құн салығын 16%-ға көтеруді көздейтін жаңа Салық кодексі жобасын Мәжіліс қарауына ұсынды. Үкімет мемлекеттік бюджет тапшылығын салықты көтеру арқылы шешкісі келеді.