Трамп Венесуэлада мұнай өндіруге тыйым салып, шикізат бағасы көтерілді

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлада мұнай өндіру лицензиясын қайтарып алды. Латын Америкасындағы осы елде шикізат өндіруге рұқсатты кезінде бұған дейінгі президент Джо Байден әлем нарығында Ресей мұнайын алмастыру үшін берген.
Құрама Штаттар басшысының бұл шешімі әлем нарығында мұнай бағасының көтерілуіне әсер етті.
Мадуро уәдесінде тұрмады
Трамп Венесуэлада мұнай өндіру мен экспорттауға берілген рұқсаттың күшін жойғанын өзіне тиесілі әлеуметік желіде жариялады.
«Біз 2022 жылғы 26 қарашада Венесуэладағы (президент) Николас Мадуроға берген жеңілдіктердің күшін жоямыз», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіне.
Сонымен бірге АҚШ президенті Венесуэла басшысының 2024 жылы президент сайлауын әділ өткізуге берген уәделерін орындамады деп айыптады.
Сарапшылар осы шешімнен кейін Венесуэланың жалпы ішкі өнімі 3,2%-дан 2%-ға дейін төмендейді деп болжап отыр.
Chevron Трамп шешімін орындайды
Венесуэлада мұнай өндіру лицензиясын алған америкалық Chevron компаниясы АҚШ енгізген санкциялар мен шектеулерді бұзбайтынын мәлімдеді.
2022 жылы АҚШ Венесуэлаға қарсы санкцияны жұмсартып, Chevron-ға осы елде мұнай өндіруге рұқсат берген. Вашигтон осы шешімі арқылы әлем нарығында Ресей мұнайын алмастыруға тырысқан.
Ақ үй 2019 жылы Каракаспен дипломатиялық қарым-қатынасты үзіп, елшілігін жапқан, ал Мадуроны сайлау нәтижесін бұрмалады деп айыптаған.
Трамп жарлығы мұнай бағасына әсер етті
Қатарынан үш күн бойы төмендеген мұнай бағасы бейсенбі, 27 ақпанда, қайта көтерілді деп хабарлайды Reuters. Ақпарат агенттігі бағаға Трамп шешімі әсер еткенін жазды.
Reuters мәліметінше, Brent маркалы мұнайдың фьючерсі 24 центке (0,33%) қымбаттап, бір баррелі 72,77 доллар болды. Ал WTI маркалы шикі мұнай фьючерсі 18 центке ( 0,26%) көтеріліп, бір баррель 68,80 доллар деп белгіленді.