АҚШ пен Ресей делегациялары Ыстанбұлда келіссөз жүргізіп жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
АҚШ пен Ресей делегациялары Ыстанбұлда елшіліктер қызметін талқылап жатыр / фото: shutterstock

АҚШ пен Ресей делегацияларының келіссөзі Ыстанбұлда америкалық бас консулдық ғимаратында өтіп жатыр. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлайды.

Агенттік кездесу журналистер үшін жабық форматта өтіп жатқанын, Ресей делегациясы құрамында нақты кімдер бары айтылмағанын жариялады.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, консулдықтағы келіссөздер Астана уақытымен сағат 12-лер шамасында басталды.

Қандай мәселе талқыланады?

АҚШ-тың Түркиядағы бас консулдығы Босфор жағалауындағы Арнавуткей ауданында орналасқан.

БАҚ мәліметінше, тараптар АҚШ пен Ресей елшіліктері жұмысын талқылайды. Бұған дейінгі келіссөздер барысында Мәскеу мен Вашингтон дипломатиялық миссияға кіретін адам санын қалпына келтіруге келіскен.

АҚШ мемлекеттік департаменті Ыстанбұлдағы кездесуде украин тақырыбы талқыланбайды деп хабарлаған.

Осының алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ыстанбұлда өтіп жатқан осы кездесуде «дипломаттар жоғары деңгейдегі сарапшылар түйткіл мәселелерді талқылайды» деп мәлімдеген. Осы жүздесуден соң ресейлік тарап Вашингтонмен арадағы қарым-қатынасты әрі қарай қалай дамыту керектігін түсінеді.

АҚШ пен Ресей делегациялары 18 ақпанда Сауд Арабиясында кездескен.

«Біздің дипломатиялық байланыстарымыз жұмыс істемей тұрса, көптеген мәселе талқыланбай қалып, Украина жөніндегі ауқымды келіссөздер үзіліп қалуы мүмкін», – деп ескерткен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

Бұған дейін Ресей мен АҚШ бірнеше жыл бойы дипломаттарды елден қуумен болды. 2000 жылдан бері Құрама Штаттар 225 ресейлік дипломатты кері қайтарған.

Сондай-ақ оқыңыз