
Демалысқа басқа елге барғалы жатсаңыз, міндетті түрде дәрі қобдишасын ала барыңыз. Өйткені өзіңізге бейтаныс елдің ауа-райы, жергілікті сағат белдеуі, тамақтары кері әсер беріп, ауырып қалыңыз мүмкін. Сондықтан осы тұрғыда аса мұқият болғаныңыз жөн. Kursiv Media тілшісі ең керек болатын дәрілердің тізімін дайындады.
Біз бұл материалға ең негізгі препараттарды қостық. Яғни әр үйден табылатын, сапарға шыққандар көбіне ауырып қалған жағдайда ішетін дәрілерден тұрады. Десе де, дәрігерге барып бір кеңес алып алсаңыз артық болмайды. Себебі әр адамның ағзасы әр түрлі, оған қоса дәрінің жанама әсерлері болатыны бар. Нұсқаулықты жақсылап оқып шығып, мерзімін міндетті түрде тексеріп алыңыз.
Тұмаумен күресетін дәрі
Жолда көбіне тұмау тиіп қалады. Сол себепті С және D дәрумендерін ала кетіңіз. Енді-енді ауыра бастағанда ішіп алсаңыз, иммунитетіңізді күшейтеді. Қызуыңыз көтерілсе, ұнтақ немесе таблетке дәрілер жақсы көмектеседі. Бастысы олардың құрамында енді басталып келе жатқан тұмауды тоқтата алатын парацетамол болуы керек. Айтпақшы, дене қызуы 38,5 °С-ке жетпейінше дәрі ішіп керек емес. Ағзаңызға қызумен күресуге мүмкіндік беріңіз. Әлгі мөлшерден асып кетіп, жағдайыңыз қиындағанда ғана ішкен абзал.
Ауырсынғанды басатын дәрі
Бас не тіс ауырып маза кеткенде, болмаса менструация кезінде ауырсынғанды басатын дәрі іздеп кетуіңіз мүмкін. Сондықтан басқа елге барғанда дәрі салатын қобдишаға ауырсынуды демде басатын дәрілерді салып алыңыз.
Асқазан ауырғанды басатын дәрі
Бұрын ішіп көрмеген тамақ пен сусын, болмаса жуылмаған жеміс жеп ішіңіз ауыруы бек мүмкін. Теңіз жақта тіпті ішек инфекциясы жиі жұғып жатады. Уланып қалғанда, ішіңіз түйнеп ауырғанда немесе тамақты көп ішіп қойып, асқазаныңыз қорыта алмай қалғанда көмектесетін дәрілерді қобдишаға салып алуды ұмытпаңыз.
Аллергия
Аллергия ойламаған жерден туындауы мүмкін. Біреуде — тамақтағы қоспадан, енді біреуде шөп пен күннен аллергия болып жатады. Алғашқы көмек ретінде аллергияны басатын дәрі міндетті түрде керек болады.
Көз, құлақ, мұрын, тамақ ауырғанда керек дәрілер
Әсіресе, теңізге барғанда тамшы препараттар қажет болады. Құлақ қабынғанда көмектесетін тамшылар бар. Сонымен бірге көз қызарып, қышығанды басатын препараттарды да алып алған артық болмайды. Мұрын бітіп қалғанда спрей түрінде себетіндері бар. Тамақтан ұстағанда соратын таблеткалар дұрыс.
Жарақаттарға жағатын дәрілер
Сүрініп кетіп құлып қалсаңыз, қолыңызды тіліп алсаңыз, зақымданған жерге жағатын препараттар керек болады. Міндетті түрде «Хлоргексидин» сияқты антисептик ерітінді қажет. Мақта, бинт, лейкопластырьды ұмытпаңыз. Оған қоса, күйікке жағатын (ыстық су төгіп алғанда болмаса күнге күйіп қалғанда) жақпамайлар да керек болып қалуы мүмкін.
Джетлагты басатын дәрілер
Түнгі рейстен кейін, немесе сағат белдеуіндегі айырмашылық көп болғанда ағзаңыз қиналып қалуы мүмкін. Акклиматизация жақсы өтуі үшін құрамында мелатонині бар дәрілер ала кетіңіз.
Шыбын-шіркей шаққанда керек болатын дәрілер
Табиғатқа шыққанда маса, кене, шыбын-шіркей көп болатыны белгілі. Сондықтан спрейлер мен кремдер керек болады. Үстіңіз қышығанда жағып қойсаңыз, басуға көмектеседі.
Алғашқы көмек көрсетуге керек болатын дәрілер
Саяхатшының дәрі салатын қобдишасында неше түрлі жағдайда керек болып қалатын дәрі жүргені абзал. Әрине ешқайсысы керек болмаса, тіпті жақсы. Әйтсе де, артық болмайтыны анық. Олай болса, қобдишаны қалай жинау керегін айтайық. Тізімі мынадай: йод, тотыққан сутегі, жгут, медициналық бетперде, ылғал сүрткіш, санитайзер, пластырь, мүсәтір (нашатырь) спирті, бинт, мақта керек. Әлдебір жағдай бола қалғанда дәрігерлер келгенше алғашқы көмек көрсетуге қажет дүниелер бұл. Мысалы егер қан кете бастаса, сол зақымданған жерді ағып тұрған салқын сумен жуу қажет. Одан соң жараны тотыққан сутегімен не басқа антисептикпен сүртесіз. Бактерияға қарсы дәрілер жақсаңыз да болады. Кейін сол жара болған жерді пластырмен немесе бинтпен байлап қойыңыз. Жарақат алған жағдайда сол зақымданған жер киіммен жабылып тұрса шешіп тастап, қан аққанын тоқтату керек. Ол үшін жгутпен тартып байлап, жараны дезинфекциялайтын ерітіндімен сүртесіз. Ыстық суға күйіп қалғанда салқын ағынды судың астында 15-20 минуттай ұстап тұрыңыз. Одан соң сол күйіп қалған жерге фурацилин ерітіндісін жағып, стерильді дәке таңғышпен таңып қойыңыз. Бәрін болған соң күйіп қалған адамға анальгетик немесе қызуды түсіретін дәрі берсеңіз болады. Сонда ол ауырсынғанды азырақ сезіп, дене қызуы көтерілмейді. Егер біреу есінен танып қалса, онда бірден жедел-жәрдем шақыру керек. Дәрігерлерге келгенше пульсін тексеріп алыңыз. Көзі жарыққа реакция бере ме, қараңыз. Тегіс жерге шалқасынан жатқызып, аяғын жоғары көтеріңіз. Егер үстіндегі киімі тар болса, ілгек-замогын шешіп тастаңыз. Ауа жетпегеннен қысылып қалмасын. Мұндайда уақыт жоғалтпай дәрігер шақыру маңызды екенін ұмытпаңыз.
Ұшақта дәріні қалай тасымалдау керек?
Дәріні қолжүкке салып алсаңыз да, жүкке өткізесеңіз де өз еркіңіз. Егер жолда ауырып қалуым мүмкін десеңіз, әрине, алуға оңай жерге салғаныңыз дұрыс. Таблетка, капсула, крем дегендердің мөлшеріне шектеу жоқ. Әйтсе де, бірдей қаптама саны тым көп болса, декларация жасаңыз деп сұрауы бек мүмкін. Сондықтан толтырып алып алмаңыз. Ал енді сұйық дәрілерге қатысты мынадай шектеу бар: жалпы ұшақта 100 мл-ден асатын сұйықтық алып жүруге болмайды.Бұл дәріге де қатысты. Сондай-ақ, жалпы жүктегі сұйықтық мөлшері бір адамға 1 литрден асып кетпеуі керек. Осыны ескеріңіз. Ал енді дәрісіз жүре алмайтындай жағдай болса, онда рұқсат етіледі. Бірақ дәрігердің рецебін көрсетесіз. Жалпы рецептімен ғана берілетін дәрі ішетін болсаңыз, онда дәрігердің қолы, медициналық мекеменің мөрі бар рецепт ала жүріңіз. Жолда әсіресе, құрамында психотропты заттары бар препараттар ерекше назарда болады.
Естеріңіз болса, бұған дейін автокөлікке арналған дәрі қобдишасында қандай заттар болуы керегін де жазған едік. Көліктегі медициналық қобдишаға салатын дәрілердің бекітілген тізімі болады. Егер олар болмаса, айыппұлға ілінуіңіз бек мүмкін.