Сенатор Лукин әскери шеруге жұмсалатын 2,5 млрд теңге өзін ақтайтынын айтады

Жарияланды
Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін әскери шеруге 2,5 млрд теңге қаржы бөлу тым көп емес пе? / Фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда Жеңіс күніне арналған әскери шеру өткізуге жұмсалатын 2,5 млрд теңге көлеміндегі шығын өзін ақтайды. Мұндай пікірді сенатор Андрей Лукин айтты.  

Сенаттың кулуарларында Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Камалетдинов биыл парадты дайындау мен өткізуге мемлекеттік бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті.  Осыдан соң журналистер Лукинге ел президентінің бюджет шығындарын қысқарту туралы тапсырма бергенін еске салып, мұндай қомақты қаржыны жұмсау қаншалықты орынды екенін сұрады.

«Бұл – қоғам тек оң көзқараспен қабылдайтын саяси маңызы бар шара.  Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр. Сол мерекенің аясында өтетін ең ауқымды шаралардың бірі – 7 мамырда ҚР Қарулы күштерінің әскери парадын өткізу. Бұл шараға тек қазақстандықтардың ғана емес, әлемдік қауымдастықтың да назары ауатын болады», – деп жауап берді сенатор.

Андрей Лукин парадты өткізу туралы шешім өте орынды екенін атап өтті. Тіпті бюджет  қаржысын үнемдеуге қатысты айтылып жатқан пікірлерге қарамастан, шығындарды қысқартуды орынсыз деп санайды.

Мұның алдында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Астанада өтетін әскери шеруге бөлінетін 2,5 млрд теңгеге қатысты пікір білдірген болатын. Қасенов қанша қаржы жұмсалатынынан гөрі, оның маңыздылығына мән беру керектігін айтқан. Өйткені форумдар, шерулер және басқа да іс-шаралар елдің беделін арттырып, имиджін күшейтеді деп санайды. Ал шеруге 2-3 млн доллар көлеміндегі қаражатты жұмсау әбден орынды деп ойлайды.

Сондай-ақ оқыңыз