
Энергетика министрлігі ел аумағынан бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін автокөлікпен шығаруға салынған тыйымды тағы алты айға ұзарту туралы бұйрық жобасын ұсынды. Бұл шектеу 29 наурызда күшіне енеді деп жоспарлануда.
Министрлік жанар-жағармай өнімдерін заңсыз жолмен шекарадан шығару схемалары әлі де сақталып отырғанын атап өтті.
«ҚР аумағынан, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне: 1) автокөлікпен бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін (ТН ВЭД ЕАЭС 2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00) шығаруға алты ай мерзімге тыйым салынсын, оның ішінде майлау материалдарынан басқа», – делінген Энергетика министрлігі, Көлік министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрық жобасында.
Құжатқа сәйкес, ел аумағынан мұнай өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салу ұсынылады:
- Автокөлікпен – бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін;
- Теміржол көлігімен – мұнай өнімдерін, бірақ жеткізу жоспары бойынша бензинді экспорттау және гуманитарлық көмек аясында мұнай өнімдерін шығару рұқсат етіледі.
Аталған тыйым автокөліктердің зауыттан шыққан штаттық отын бактарындағы жанармайға қолданылмайды.
«Бүгінгі таңда елде АИ-92 «халықтық» автобензині мен дизель отынын тұтынуға тән емес өсуі байқалады. Мәселен, құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша «жамылғы тауарлары» түріндегі ЖЖМ «сұр» экспорты мен ағындарының ай сайынғы көлемі 10 – нан 45 мың тоннаға дейін жетеді, бұл баға айырмашылығымен байланысты – Қазақстанда ЖЖМ бағасы көршілес елдерге қарағанда 17-166% – ға төмен«,– делінген жобаның түсіндірме жазбасында.
Жыл басында Энергетика министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі бірігіп, бензин мен дизель отынының экспортына тыйым салған еді.
Айта кетейік, елдегі жанармай құю бекеттерінде бензин қымбаттап жатыр. АИ-92 маркалы бензин 2 теңгеге, ал АИ-95 – 4 теңгеге қымбаттады. Бұл жанармай нарығын ырықтандыру туралы Энергетика министрлігінің мәлімдемесінен кейінгі алғашы өсім.