Ақылы тұраққа байланысты айыппұл мөлшері үш есе азайтылды

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.
Оның сөзінше, 10 қаңтарда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар түзету енгізілген, олар 13 наурыздан бастап заңды күшіне енеді.
Жаңа айыппұлдар
Енді автокөлік қозғалысы кезінде оның кабинасынан денесін шығарғаны үшін жауапкершілік белгіленіп, айыппұл мөлшері 10 АЕК болып бекітілді. Бұрын мұндай норма болмаған.
«Бітіру кештері мен үйлену тойларында көптеген адамдар өздерінің қауіпсіздігіне мән бермей, осындай әрекеттерді жасайды. Енгізілген норма жолаушыларды тасымалдау кезінде өмір мен денсаулықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Айта кететін жайт, бұл ретте жауапкершілікке жолаушы да, жүргізуші де тең дәрежеде тартылады» деді Қайсар Сұлтанбаев Polisia.kz сайтына берген сұхбатында.
Одан бөлек автокөлікті басқару құқығынан айыру талаптары қолданылмайтын адамдарға қарсы жолаққа шыққаны үшін мөлшері 30 АЕК-ті құрайтын айыппұл салу нормасы енгізілген.
Сондай-ақ теміржол өткелдерінде жүру ережелерін бұзғандарға айыппұл мөлшері 10-нан 20 АЕК-ке дейін арттырылды. Темір жолдың бөлінген белдеуінде мал жайғаны үшін жауапкершілік күшейіп, «ескерту» алынып тасталған.
Айыппұл азайған жағдайлар
Былтыр күндіз автокөлік шамдарын жақпаған жүргізушілер үшін айыппұлдың орнына ескерту енгізілген.
Сондай-ақ осы заңда ақылы тұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемді уақытылы төлемегендерге айыппұл мөлшері 3-тен 1 АЕК-ке дейін, қайталағаны үшін – 5-тен 2 АЕК-ке дейін үш есеге төмендетілген.
Сот онлайн өтеді
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді ZOOM, WhatsApp және басқа да мобильді қосымшалар арқылы құқық бұзушымен байланыса отырып, қашықтан қарауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілген.
Жалған шақыру мен мас жүргізушілер жайы
- Көрінеу жалған қоңырау үшін айыппұл мөлшері 30-дан 60 АЕК-ке дейін өскен.
- Жедел және арнаулы қызмет көліктерінің қозғалысына жол бермегені үшін айыппұл мөлшері 7-ден 20 АЕК-ке дейін өскен. Осы баптар бойынша құқық бұзушылықтар қайта жасалса, айыппұлдың өсуінен басқа, балама ретінде тиісінше 40 және 20 сағатқа қоғамдық жұмыстар енгізілді.
- Мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік жеңілдетілмейді.
Бұған дейін, Алматыда көлігін дұрыс қоймағандарға айыппұл салу жүйесі пилоттық режимде іске қосылғанын хабарлағанбыз.