
Ақ үйде Ұлыбритания премьері Кейр Стармерді қабылдаған Дональд Трампқа «Ресей Украинада Британ әскеріне шабуылдаса» не істейтіні туралы гипотетикалық сұрақ қойылды.
Журналистер Трамптан бітімгершілік мақсатта Ұлыбритания әскері Украинаға орналастырылған жағдайда, Ресей шабуыл жасаса, АҚШ Лондонға көмектесе ме деп сұрады.
Трамп бұл сұраққа орағыта жауап беріп, қажет болса көмектесетінін ұқтырды.
«Британдықтар әдетте ешкімнің көмегіне мұқтаж емес екенін байқадым. Олар өздері өте жақсы соғыса алады. Бұл менің сұрақтан жалтарып тұрғанымдай естілуі мүмкін, бірақ мен жалтарып тұрған жоқпын. Британдықтар – керемет сарбаздар, олардың әскері мықты, олар өздерін қорғай алады», – деп жауап берді.
Артынша ол көмек қажет болса, әрқашан олардың қасынан табылатынын, бірақ олар көмекке мұқтаж емес деп санайтынын жеткізді.
Ұлыбритания мен Франция Украинадағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілген жағдайда, Киевке әскери контингент жіберуге дайын екенін мәлімдеген. Бұл күштер Украинаны Ресейдің жаңа шабуылынан қорғауға көмектесуге бағытталмақ.
Алайда Стармер бұл контингентке АҚШ қолдау кепілдігін көрсетуі керектігін айтып отыр.