Трамп Путин Украинаға қайта шабуыл жасамайды деп санайды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Трамп Путин Украинаға қайта шабуыл жасамайды деп санайды/Фото: REUTERS/Kevin Lamarque

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей және Украинамен бейбіт келісімге келу бойынша келіссөздер айтарлықтай алға жылжығанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ үйде Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармермен кездескен кезінде айтты.

Стармер АҚШ-ты Еуропадағы кез келген бейбітшілік орнату миссиясына қатысатын күштерге қауіпсіздік кепілдігін беруге шақырды.

Трамп болса, Ресеймен бейбіт келісімге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар екенін айтып, Путин Украинаға қайта шабуыл жасайтынына сенбейтінін жеткізді.

«Менің ойымша, Ресей өте дұрыс әрекет етуде… Біз келісім бойынша өте жақсы ілгеріледік, бірақ әлі соңына дейін жеткен жоқпыз», – деді Трамп.

Ол келісім толық мақұлданбайынша, бейбітшілік шарттарының егжей-тегжейі жария етілмейтінін атап өтті.

Путинге сенуге бола ма деген сұраққа Трамп «Сен, бірақ тексер» деп жауап берді.

Жұма күні Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйге келіп, Трамппен Украинадағы стратегиялық маңызды минералдар жөніндегі келісімге қол қояды деп күтіліп отыр. Украина БАҚ-тары кездесу қарсаңында келісімнің жобасын жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз