Банк пен қаржы

40,7 млрд теңге: Қазақстаннан қай елдерге көп ақша аударылады

Қазақстаннан ақша аудару
Қазақстаннан қандай елдерге ақша аударылды / Фото: shutterstock, биль-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтарында халықаралық ақша аударымдары көлемі төмендеді. Қазақстаннан негізінен Ресей, Түркия және Өзбекстан елдеріне ақша аударылса, ал Қазақстанға қаражат көбінесе Ресей, АҚШ және Түркиядан келіп түсті. Өткен айда желтоқсанмен салыстырғанда, аударымдар саны 23,3%-ға, ал олардың жалпы көлемі 26,4%-ға төмендеді.

Қазақстаннан қай елдерге ақша аударылған?

2025 жылдың қаңтарында Қазақстаннан шетелге 40,7 млрд теңге сомасына 108,8 мың ақша аударымы жіберілді. Желтоқсан айымен салыстырғанда, аударымдар саны 25,9%-ға, ал сомасы 28,3%-ға азайды.

Ақша аударымдарының негізгі бағыттары – Ресей, Түркия және Өзбекстан болды. Ресейге 15,3 млрд теңге (37,6%) аударылса, Түркияға 8,6 млрд теңге (21,1%), ал Өзбекстанға 6,9 млрд теңге (16,9%) аударылған. Грузия мен Қытайға жіберілген қаражат көлемі сәйкесінше 2,4 млрд теңге (5,9%) және 1,9 млрд теңгені (4,6%) құрады.

Қазақстанға қанша ақша жіберілді?

Қаңтар айында Қазақстанға шетелден 15,8 млрд теңге сомасына 48,1 мың ақша аударымы түсті. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда аударымдар саны бойынша 23,8%-ға, ал сомасы бойынша 18,9%-ға азайды.

Қазақстанға келген ақша аударымдарының негізгі көзі Ресей, АҚШ және Түркия болды. Ресейден 3,2 млрд теңге (20,3%) қаражат түскен, ал АҚШ-тан 2,7 млрд теңге (17,0%), Түркиядан 1,7 млрд теңге (10,5%) аударылған. Сондай-ақ Өзбекстаннан 1,6 млрд теңге (10,4%) және Корея Республикасынан 1,5 млрд теңге (9,5%) қаржы келген.

Қай ақша аударымы жүйесінің үлесі басым?

Шетелге жіберілген аударымдардың басым бөлігі «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүзеге асырылды – оның үлесі 76,6%-ды құрады. Western Union жүйесі 15,7%, UPT 3,6%, ал MoneyGram 3,1% аударымдарды қамтамасыз етті.

Қазақстанға келген ақша аударымдарының негізгі бөлігі «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүзеге асырылды, оның үлесі 45,1%-ды құрады. Western Union арқылы 34,3%, ал MoneyGram арқылы 18,8% аударым жасалды.

2024 жыл соңында Қазақстаннан шетелге аударылған ақша көлемі азайған.