Банктер қаңтар айында 228,5 млрд теңге таза пайда тапқан. Оның тең жартысы екі ірі банкке тиесілі

2025 жылдың қаңтар айында отандық екінші деңгейлі банктер 228,5 млрд теңге таза пайда тапқан. Оның жартысынан астамы екі ірі қаржы ұйымы – Halyk Bank пен Kaspi Bank-ке тиесілі. Halyk Bank бір айда 83,4 млрд теңге таза пайда тапса, Kaspi Bank-тің тапқан пайдасы 43,3 млрд теңгені құраған.
Басқа банктердің табысы қанша
Ұлттық банк статистикасына сәйкес, жоғары табыс тапқан үштікті Банк ЦентрКредит түйіндейді. Қаржы ұйымы бір айда 32,1 млрд теңге таза пайда алған.
Одан кейін Forte bank пен Jusan bank келеді. Forte bank – 13,9 млрд теңге, ал Jusan 13,9 млрд теңге таза табыс тапты.
«Отбасы банктің» бір айдағы таза пайдасы 9,4 млрд теңгені құраса, Еуразиялық банк 9,1 млрд теңге табыс иеленген. Bank RBK-тің таза пайдасы 5,2 млрд теңгеге тең.
Қандай банктер шығынға батты
Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2025 жыл «Фридом Банк Қазақстан» үшін аса сәтті басталмады. Қаржы ұйымы бір айда 15,6 млрд теңге шығынға батқан. 2024 жылдың қаңтар айында банк 3 млрд теңге таза пайда алған еді.
Одан бөлек, «Нұрбанк» мен «Ситибанк Қазақстанның» таза пайдасы күрт төмендеген. «Нұрбанк» қаңтар айында 642 млн теңге таза пайда алса, екінші банктің таза табысы 5 млрд теңгені құрады.
Қазақстанда қазір 21 екінші деңгейлі банк тіркелген. Олардың жалпы активі 60,6 трлн теңгеден асады. Несие портфелі 35,6 трлн теңгеге тең. Міндеттемелері 51,1 трлн теңгені құрайды.
Банк секторы – ең табысты салалардың бірі. ЕДБ 2024 жылы 2,5 трлн теңгеден аса таза пайда алған.